Ақтөбенің Ойыл ауданы «сары» аймаққа өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының Ойыл ауданында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны артып, мұнда шектеу шарасы күшейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте Ақтөбе облысында 25 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бәрі де Ақтөбе қаласының тұрғыны. Вирус жұқтырғандардың 16-сы ауырып, дене қызуы көтеріліп, дәрігер көмегіне жүгінген. Қазіргі кезде аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,6% құрап отыр. Бүгінге дейін барлығы 4556 жағдай тіркелсе, оның 93 пайызға жуығы жазылды. Ойыл ауданы бойынша барлығы 80 адам вирус жұқтырса, оның 29-ы симптомсыз. Бүгін бұл ауданда шектеу шарасы күшейді.

«Конференция, көрме, форум, ойын- сауық, спорттық, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, мерекелік шараларға, естелік, ас беру және басқа да басқосуға тыйым салынады. Ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі және ойын клубтары, боулинг- орталықтары, кальян), букмекерлік кеңселердің және лото-клубтардың қызметтеріне шектеу қойылған. Балабақшаларда тек кезекші топ жұмыс істейді. Білім беру мекемелеріндегі асхана өз қызметін тоқтатады», - деп хабарлады облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Жаңа Қаулыға сәйкес балалардың түзету кабинеттері, балалар мен ересектердің білім беру орталықтарында адам саны 15-тен аспауы тиіс. Ал медициналық орталықтардың, кабинеттердің, стоматологиялардың қызметіне тек алдын ала жазылуы керек. Банк, халыққа қызмет көрсету орталығы, «Қазпочта» АҚ бөлімшесінің жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін шектелді. Діни объектілерде ұжымдық іс-шаралар өтпейді. Қоғамдық тамақтану орнында адам саны 50-ден аспауы тиіс.


Соңғы жаңалықтар