Ақтөбенің мектебінде 2 мың асық сақтаулы тұр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі №32 мектеп-гимназияда ұлттық бұйымдар мен аспаптардың түпнұсқасы сақтаулы тұр. Мектеп мұражайына келі мен келісап, тас диірмен, түрлі әшекейлер мен 2 мың асық жинақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясы 1990 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Бұл - еліміздегі тұңғыш мектеп-гимназия. Тарихы бай білім ордасы бүгінде ұлттық өнерді дәріптеп, күнделікті тұтынған заттар мен ұлттық әшекейлерді, ат әбзелдері мен қарудың түпнұсқасын сақтайтын құнды орынға айналған. Мектеп ішіндегі мұражай оқушылар мен ұстаздардың көмегімен жинақталған. Мұнда қажетті заттарды ата-аналар да тегін беріп, кейде қаржы салуға тура келген. Еңбек пен ізденістің нәтижесінде оқушылар ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды біліп өсіп келеді. «Ақтөбе мен мектеп тарихына арналған мұражайдағы ұлттық бұрыш құнды жәдігерлерге толы. Мұғалімдердің кейбірі ауылда көрген, далада жатқан жерінен жәдігерлерді тауып алып, мұражайға әкелді. Мәселен, бізде диірмен, жіп иіретін ұршық та бар. Белдік, қос ілгек секілді әшекей бұйымдар да жеткілікті. Біздегі құнды дүние ол - асық. Наурыз мерекесіне орай асыққа сұраныс артты. Мектептер бір бөлігін сұрап алды. Бізде 2 мың асық бар. Асықты мұғалімдер мен оқушылар жинады»,- деді мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары Гүлшара Мусина.

Мектеп-гимназия кең көлемде Наурыз мерекесін атап өтті. Оқушылар жарапазан айтып, мұғалімдер қазан асып, көже пісірді. Ағаш үй де тігілді. Ал мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Наурыз мерекесіне орай балаларға асық ойнаудың қыр-сырын көрсетіп, оқушылар жарысқа түсті.

«Мұражайды мектеп директоры Мария Құрманғалиеваның басшылығымен Бибатпа Тәжиданова ұйымдастырды. Меңгеруші әрі ұстаз дүниеден өтті, артында өшпес із қалдырды. Бізде садақ та бар. Жебе сақтаулы. Салмағы ауыр үтік те бар. Бәрі өткен ғасырдан қалған түпнұсқа жәдігерлер. Мектеп ашылған күні-ақ мұражай жасақтала бастады. Біздегі ерекшелік - этнографиялық-тарихи құнды жәдігерлерде. Арнайы жасалмады, қолданыстағы бұйымдар сол күй әкелінді. Арасында әлі де болған ұзақ уақыт қызмет көрсететін диірмен, келі мен келісап бар»,- деді Гүлшара Мусина.

Мұражайда ағаш үйдің үлгісі жасалған. Ал шаңыраққа арналған тіреу өткен ғасырдың жәдігері. Тіреу ілгіш ретінде де пайдаланылған екен. Гүлшара Мусинаның айтуынша, мұражай ата-баба тарихынан сыр шертетін орынға айналған. 

2

3

4

null


Соңғы жаңалықтар