Ақтөбенің Мәртөк ауданына жаңа әкім тағайындалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Мәртөк ауданына Ермек Кенжеханұлы әкім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданына барып, облыс активімен кездесті. Ауданға жаңа әкім таныстырылды.

"Ермек Кенжеханұлы жоғарғы білімді. Ол "Болашақ" бағдарламасымен Рединг университетін (Ұлыбритания) ауыл шаруашылығындағы бизнесті басқару мамандығы бойынша, "Аджу" (Корея) университетін әкімшілік іскерлік мамандығы бойынша тәмамдады. Сонымен қатар инвестициялық басқару мамандығының магистрі және заңгер бакалавры. Әр жылдары "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның кредиттік өнімдерді дамыту бөлімінің менеджері, "ARKA Investment Management Company" АҚ басқарма басшысы, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқармаларының бастығы, Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі, Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы болды", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

2018 жылдың маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін Ақтөбе облысының ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасын басқарды. Облыс әкімі аудан экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және кірісті арттыру, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту, мал санын арттыру, инвестиция тарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды бірқатар тапсырма жүктеді.

"Тағайындау кезінде сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз ескерілді. Бар күш-жігеріңізді тапсырылған жұмыстарды жүзеге асыруға жұмсайды деп сенемін", - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен жұмыстан босатылған болатын.

Соңғы жаңалықтар