Ақтөбенің кәсіпкерлері той жасауға рұқсат сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде ірі базарлар мен мейрамхана иелері облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес иелерін жинап, облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаевамен кездестірді. Онлайн кездесуге қосылғандар да болды.

«Ақтөбеде 278 адам коронавирус инфекциясына шалдығып, 206 адам емделіп шықты. Мен кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Себебі бәрі уақтылы мейрамхана, дәмхана, базарларды жауып, төтенше жағдай талабын сақтады. Ал 22 мамыр күні еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысы қайта шықты. Сонда анық жазылған. Өсім 7 пайыздан аспауы тиіс. Қазір облыс әкімдігіндегі штаб келісімімен бірнеше базар жұмыс істеп тұр. Бәрі азық-түлік сатады. Өзгесіне рұқсат берілмеді. Бүгінде мониторинг тобы базарларды аралап жүр. Олардың ортақ шешімінен соң, дайындық актісі берілсе, санитарлық ереже қатаң сақталса, ірі базарлар ашылуы мүмкін», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыста бұған дейін дәмханалардың жұмысына рұқсат берілген болатын. Тек келушілер қатары 30-дан аспауы тиіс.

«Мейрамханалар да 30 адамға ғана қызмет көрсете алады. Тіпті 200 адамға арналған мейрамхана болса да адам саны шектеледі. Өзгесіне жол жоқ. Демалыс орнының жұмысы 20:00-де аяқталуы тиіс. Осы аптада бақылап, шешімді қосымша хабарлаймыз. Кәсіпкерлер түсінуі тиіс. Коронавирус бар, кез келген ұсақ-түйек қауіпсіздік ережесін сақтамасақ қиын болады. Жыл соңына дейін шыдамдылықпен күтеміз. Медициналық маска киіп, арақашықтықты сақтайық. Өкінішке қарай, соңғы деректер ауызашарда тіркелді. Тума-туыс, бүтін отбасы тіркелді. Ата-әжесі, ата-анасы, баласы... Тамақтану орындарында 30 адамға рұқсат берілгеннің өзінде отбасылық мерекені ұйымдастырудың қажеті жоқ», - деді Н.Беркімбаева.

Еске салсақ, Ақтөбеде соңғы екі аптада карантин режимі жеңілдемеді.


Соңғы жаңалықтар