Ақтөбенің бір ауданында 16 отбасы баспаналы болды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданында 16 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарғалы ауданының орталығы Бадамша ауылында аз қамтылған, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар мен жетім балаларға жалдамалы коммуналдық пәтер берілді.

Олардың бәрі де мемлекеттік қордан үй алуға кезекте тұр.

«Баспанамен қамту – өзекті мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біздің өңірде кезекте тұрғандар үшін үй салу жұмыстары облыс орталығымен қатар, облыс аудандарында да белсенді жүріп жатыр. Мен мемлекеттің қолдауымен үйлі болған әрбір отбасымен бірге шынайы қуанамын»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Жалдамалы баспанаға ай сайын ең кем дегенде 5 мың теңге, ал ең көбі 9 мың теңге бөлейді.

Төлем сомасы пәтердің ауданына байланысты.

«Бұл - біз үшін үлкен қуаныш. Барлығына алғыс айтамын, соның ішінде қамқорлық танытқан мемлекетке ризамыз»,- дейді жаңа үйінің кілтін алған көпбалалы ана Д. Джаббарова.

Сегіз пәтерлі екі қабатты екі үйді тұрғызуға 169 млн теңге қаржы жұмсалды.


Соңғы жаңалықтар