Ақтөбенің бас инфекционист дәрігері: Коронавирус инфекциясы - өкпе инфаркті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин этно-мәдени бірлестік өкілдерімен кездесіп, вакцина салдырудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы әлі де «қызыл» аймақта тұр. Бір тәулікте тағы 250 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Облыстың бас инфекционист дәрігері қазіргі кезде түрлі ұжымға барып, вакцинаның маңызын түсіндіріп, қарапайым адамдардың сұрағына жауап беріп жүр.
«Коронавирус инфекциясы әлі түбегейлі зерттелген жоқ. Ол нәресте сияқты. «Бұл не?« деген сұрағы көп кезеңді біз бастан өткеріп жатырмыз. Әрі мутация жүріп жатыр. Бұл дегеніміз - жаңа вирус. Тарихқа жүгінсек, 1918-1919 жылдары тұмау өршіді. Пандемия кезінде 500 миллион адам ауырып, 20 миллионы көз жұмды. Ал 1941-1945 жылдары аралығында 27-28 миллион адам қайтыс болды. Соғыс болмаса да соғысқа тең адам шығыны бар екенін осыдан ұғамыз. Дәл осындай «әскери кезеңде« шұғыл шешім қабылданады. Саяси сұраққа айналдырудың қажеті жоқ. Дәрігер үшін адам өмірі, ұлт саулығы маңызды»,- деді облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин.
Оның айтуынша, қазір күн сайын балалардан да коронавирус инфекциясы анықталып жатыр. Олардың іші өтсе, кейін өкпеге де күш түсуі мүмкін.
«Ақтөбе облысында дельта штамм бар. Оны біз бірнеше ай бұрын клиникалық тұрғыда тіркесек, қазір расталды. Тез тарайды, адамдардың ағзасы бірден әлсірейді. Нақтылап айтсам, ағзаға вирус енгенде ұсақ қан тамырлары зақымданады. Яғни, бұл өкпе инфаркті. Қан айналмайды, түйіршіктеліп, кейін жарылады. Сондықтан алдын алып, ем қабылдау керек. Бұл дегеніміз - вакцина»,- деді Мейрамбек Құрманғазин.
Кездесу кезінде этно-мәдени бірлестік өкілдері вакцина салдырғанын, тіпті вакцинаны асыға күткенін жеткізді.
«Өткен жылы мен анаммен бірге коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауырдым. Ол кезде өмірмен қоштасқан едім. Себебі жөтел қатты болды, дем жетпеді. Тіпті жедел жәрдем шақыра алмай, қиналдым. Дәрігерлер көмектесіп, аман қалдым. Сол кезде тезірек вакцина шықса деп армандайтын едім. Ақтөбеде Спутник V вакцинасы жетіп, алғашқылардың қатарында салдырдым. Қазір өзімді қауіпсіз сезінемін. «Ашық« қосымшасын пайдаланып, бассейнге барып жүрмін»,- деді Наталья Оглоблина.
Сондай-ақ жиынға қатысқан өзге ұлт өкілдері әлеуметтік желідегі кереғар пікірге міндетті түрде арнайы маман жауап беруі тиіс деп санайды.
«Өзім вакцина салдырдым. Менің достарым дәрігер. Олар маған вакцинаның мән-маңызын түсіндіріп берді. Ал әлеуметтік желіде жағдай басқа. Өзі қарсы, өзгені де қарсы қояды. Менің ойымша, мамандар оларға жауап беріп, ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызын түсіндіруі керек»,- деді «Алые паруса» жастар театрының көркемдік жетекшісі Надежда Киёк.
Айта кетейік, облыста 213 адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдады. Оның 121-і екі дозасын да салдырды.


Соңғы жаңалықтар