Ақтөбенің бас дәрігері тұрғындарды вакцина салдыруға шақырды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев вакцинаның төртінші компонентін салдырды. Ол ақтөбеліктерді иммундау шарасына қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан бойынша әрбір 6 ай сайын коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыруға рұқсат берілді. Әсіресе медицина қызметкерлері мен педагогтар, әлеуметтік орталық қызметкерлері, күштік құрылым мен жасы 50-ден асқан адамдар иммундау іс-шарасына қатысуы тиіс.

«Қазіргі кезде облыста тұрғындардың 81,2% вакцинаның бірінші компонентін салдырды. Ал 78,4% екі компонентін де қабылдады. Сонымен бірге 180 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Ақтөбеде QazVac , Pfizer және Sinopharm вакциналары қолжетімді. Өңірде барлығы 120 мыңнан астам доза бар. Қазіргі кезде емханаларда екпе кабинеттері жұмыс істеп тұр. Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев №4 емханаға барып, иммундау іс-шарасына қатысты.

«Вакцинаның бірінші және екінші компоненті Спутник V болды. 2021 жылдың қараша айында Sinopharm екпесін қабылдадым. Ал бүгін Pfizer салдырдым. Жаңа қаулы бойынша алдымен ақ халаттылар вакцинаның төртінші компонентін салдырады. Қазіргі кезде біздегі инфекциялық ауруханада 7 адам ем қабылдап жатыр. Бұл коронавирус инфекциясының әлі де бар екенін көрсетеді. Сондықтан сақтанып, вакцина салдыруға шақырамын», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Айта кетейік, обылста 14 мыңнан астам жасөспірім Pfizer вакцинасының бірінші компонентін салдырды. Ал 12 мыңнан астамы екі компонентін де қабылдады.
Соңғы жаңалықтар