Ақтөбенің әр ауылында кинотеатрлар ашылуы мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің әр ауылы кинотеатрмен қамтылуы мүмкін. Мәжіліс депутаттарымен кездесу кезінде мәдениет саласының қызметкерлері мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында кинотеатрларды қалпына келтіру жолын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір интернет дамыған заман болғанымен, ауыл халқының баратын жері жоқ. Барлық клубтар жабылған, ал мектептердегі мәжіліс залы тек мереке күндері ата-аналарға шағын концерт ұйымдастырады.

«Ақтөбеге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов келіп, мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті. Сол кезде ол сәуір айында Парламентте «Кино туралы» Заң қаралатынын айтты. Біз өз тарапымыздан ауылдағы кинотеатрларды қайта қалпына келтіруді ұсындық. 90-жылдардың аяғында оңтайландырылу жүріп, кинофикация басқармасы тарап, бұл саланың иесіз қалғаны айтылды. Қазір ұлттық, патриоттық рух беретін фильмдер түсіріліп жатыр. Бірақ ол көпшілікке, ауыл халқына жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті жерде кино көрсетудің заңды тетіктерін қарастыруды сұрадық»,- деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қыдырғали Ермұхан.

Ақтөбелік мәдениет қызметкерлері бұл жұмысты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінді іске асыруды көздеп отыр. Шағын кинотеатрлар - ең тиімді жолы.

«Аудан әкімдеріне хабар беріп, ұсыныс туралы ақпарат таратылды. Кәсіпкерлердің де қызығушылығы бар. Мәселен, таяуда ғана бір кәсіпкер Мәртөк, Қобда аудандарын аралап, кино көрсету ұсынысын айтты. Қолдау хат жазып, ауылға барса, мәдениет ошақтарын береміз. Сонымен қатар, бұл саланы қолға алған кәсіпкерлердің арнайы аппаратура алуы үшін «Даму» қоры арқылы ақша бөлінсе деген ұсыныс бар»,- деді Қыдырғали Ермұхан.

Соңғы жаңалықтар