Ақтөбенің Алға ауданында электр стансасы өртенді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Алға ауданының орталығында электр стансасы өртенді. Ауруханаға электр тогын үздіксіз беру үшін генератор қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысындағы 101 қызметіне бүгін сағат 8:39-да хабарлама түседі. Хабарламада Алға ауданындағы электр стансасы өртеніп жатқаны туралы айтылған. Шақыру орнына 18 құтқарушы және 4 техника жіберілді. Өрт кезінде жараланған ешкім жоқ.

«Құтқарушылар оқиға орнына барған соң ғимараттың кіреберіс қақпасын бұзып ашты. Өртті сөндіру кезінде барлық қауіпсіздік ережесі сақталды. Көбік шашты. Құтқарушылар өрттің көршілес қосалқы станса секциясына тарап кетпеуін қамтамасыз етті. Алдын ала деректер бойынша өрт алаңы – 50 шаршы метр. Өрт бір сағаттан соң оқшауланып, сөндірілді. Шығу себебі анықталып жатыр», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде қалада қанша абоненттің жарықсыз отырғаны айтылмады. Ал, аудандық ауруханада генератор іске қосылды.

Еске салсақ, кеше Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Петропавл ауылы Гагарин көшесіндегі жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылды. Хабар 112 құтқару қызметіне түсті. Оқиға орнына 2 құтқарушы мен техника жіберілген. Жарылыс салдарынан 71 жастағы ер кісі мен 95 жастағы қария облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.


Ашық көздерден алынған фото
Соңғы жаңалықтар