Ақтөбенің ақын-жазушылары қазақ драма театры мен орталық кітапхана салуды ұсынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ақын-жазушылармен кездесті. Кездесуде бірнеше ұсыныс айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жазушылар одағына Ақтөбенің 14 ақын-жазушысы мүше. Олар бүгін облыс әкімімен кездесіп, ойда жүрген бірнеше ұсыныстарын айтты. Алғашқысы – қоғамдық қор құру. Бұл қоғамда өнерді дәріптейтін, әдебиетті сүйетін мәдени ортаны тәрбиелеу мақсатында тың жобалар мен шараларды өткізуге бағытталады. Сонымен қатар облыстық орталық кітапхана, Т.Ахтанов атындағы қазақ драма театрын, Әлия Молдағұловаға арналған музей салуды ұсынды. Биыл жобалық-сметалық құжат дайындалып, алдағы жылдары құрылыс басталуы тиіс. Бірақ әзірге жер телімі бөлінбеді, жобасы да дайын емес.

«Ақтөбе өңірі ақын-жазушыларға, танымал тұлғаларға кенде болмаған. Алдыңғы кездесулерде айтылған ұсыныстарыңызды ескере отырып, кешенді жоба жасадық. Соның аясында қоғамда өнерді дәріптейтін, әдебиетті сүйетін мәдени ортаны тәрбиелеу мақсатында тың жобалар мен шараларды өткізуге қолдау көрсететін қоғамдық қор құруды қолға алдық. Осы қордың көмегімен өңірдегі ақын-жазушылардың кітаптарын жарыққа шығарамыз. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай облыстық кітапхана мен Т.Ахтанов атындағы драма театрының, Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың 95 жылдығына орай Әлия музейінің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Өнер мен әдебиетті қолдауды одан әрі жүргізе беретін боламыз, - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, алдағы уақытта «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен ақын-жазушылардың 27 жинақ кітабы жарыққа шығады.

Ақын Ізтай Мәмбетовтің 90 жылдығы мен ақын Сағи Жиенбаев, жазушы Тобық Жармағамбетовтің 85 жылдық мерейтойларына арналған кешенді жоспар жасалып, кең көлемде тойланады.

2020 жылдан бастап жас таланттарды қолдау мақсатында Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбаев, Т. Айбергенов атындағы арнайы сыйақы тағайындалып, Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының мүшелеріне жылына бір реттік стипендия тағайындалатын болды. Жергілікті үздік 10 жас ақын-жазушының алғашқы туындысы баспадан шығады. Қалада «Әдебиет әлемі» рухани орталығын және жергілікті ақын-жазушылар аллеясын салу жоспарланып отыр.

Кездесу кезінде ақын Гүлжайнар Қалдина «Гарри Поттердің» қазақ тіліндегі нұсқасын шығаруға қолдау көрсетуді сұрады.

«Бірнеше жыл бұрын 4-5 сынып оқушысы кітапханаға келіп, «Гарри Поттердің» қазақ тіліндегі нұсқасын сұрады. Сол баламен сөйлесіп, кітапты аударуға келістім. Жылдар өтті, қазір бір томы аударылды. Енді оны баспадан шығару үшін авторлық құқық керек екен. Автордан рұқсат алу үшін мемлекет немесе жергілікті әкімдік келісім жасауы тиіс. Талап осы. Мен осы кітапты шығарғым келеді, әкімдіктен көмек қажет», - деді ақын Гүлжайнар Қалдина.

Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдер детективтерді, мотивациялық кітаптарды оқиды. Ал сұранысты қанағатандыратын шығарма қазақ тілінде жоқтың қасы.

Соңғы жаңалықтар