Ақтөбенің әкімі Президент тапсырмасының қалай орындалып жатқанын айтып берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Президенттің халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасы Ақтөбеде іске асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыс активінің кеңейтілген отырысында бірінші жартыжылдықты қорытындылады. Кеңейтілген отырысқа Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Д.Шарипов және облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, барлық аудан, ауыл әкімдері қатысты.


«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсімін және халықтың тұрмысын жақсартуға баса назар аударды. Бұның барлығы Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясын жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдауға бағытталған. Осы орайда Ақтөбе облысы өз міндетін табысты орындап келеді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңіріміздің барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші өсті. Жыл аяғына дейін қарқынды өсімді қамтамасыз ететін боламыз», - деді аймақ басшысы О.Оразалин.
Ақтөбе облысының өнеркәсіп саласы 105,1%, ауыл шаруашылығы 104,4%, инвестиция 102%, тұрғын үй құрылысы 113,1%, құрылыс 102,3%, көтерме және бөлшек тауар айналымы 104,2% құрап отыр. Облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 11,7%-ға өсіп, 140 мың теңгеге жетті. Қаңтар айынан бастап 70 мыңнан астам ақтөбеліктердің ең төменгі еңбекақысы 1,5 есеге өсті. 1-маусымнан бастап 70 мың бюджеттік сала қызметкерінің жалақысы орташа 30%-ға дейін көбейді. Облыстың жеке секторлардағы 32 мыңнан астам қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 15%-ға артты.


«Қазіргі таңда нарықтық қатынастарға байланысты бағаның өсуіне жол бермеу өте маңызды. Облысымызда инфляция деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен, яғни, 102,2% құрады. Сондықтан әрбір аудан және Ақтөбе қаласының әкімдері, салалық басқарма басшылары аталған тұрақтылықты сақтап, осы тапсырманы орындауы тиіс. Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі таңда облыста 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жылдың аяғына дейін қосымша 9 мыңнан астам жұмыс орнын құратын боламыз. Қабылданып жатқан шаралар жұмыссыздықты 4,8% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Тағы бір маңызды бағыт - бюджет кіріс бөлігінің өсу қарқынын қамтамасыз ету. Облыстағы жергілікті бюджеттің кірісі 106,8%-ға орындалып, бөлінген қаржы 99,4% игерілді. Жылдың соңына дейін 100% игеру жоспарланып отыр.


Көпбалалы аналарды, аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету де басты назарда тұр. Бұл санат бойынша облыста 9 мың адам кезекте тұр. Биыл 1 200-ден астам пәтер беру жоспарланды.
Өңір тұрғын үй құрылысы бойынша да республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй немесе 8,7 мың пәтер пайдалануға беріледі.


Облыс басшысы өз баяндамасында индустриалық даму, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, туризм, шағын және орта бизнесті дамыту, автомобиль жолдары, су, газбен жабдықтау, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, тұрғын үймен қамту, білім, спорт, денсаулық сақтау салалары бойынша да кеңінен тоқталып, қала, аудан әкімдері мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар