Ақтөбеліктердің миллиондарын алдап алған келіншек сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 5 адамның 17 миллион теңгесін алаяқтық жолмен иемденген Ботагөз Биекенова сотталды. 40 жастағы келіншек 6 жыл 6 айға сотталып, рақымшылыққа ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жұмысқа орналастырамын, пәтер алып беремін, жоғары оқу орнына түсіремін деген желеумен бірнеше адамды алдап, 17 миллион теңге шығындандырған Ботагөз Биекенова 2016 жылдың қарашасында ұсталған болатын. Сол кезде қалалық ішкі істер басқармасының өкілдері жәбірленушілерді іздеп, хабарландыру берді. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалып, «Азери Медикал» ЖШС директоры Ботагөз Биекенованың 2014-2016 жылдар аралығында 5 адамнан 17 миллион теңге алғаны белгілі болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, алданғандардың арасында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Алмат Ермағанбетов та бар. Ол қыздарының бірін Назарбаев зияткерлік мектебіне, екіншісін Назарбаев университетіне оқуға түсірмек болған.

Бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында үкім шықты. Мемлекеттік айыптаушы «Алаяқтық» бабы бойынша айыпталған Ботагөз Биекенованы 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Сотталушы Ботагөз Биекенованы айыпты деп танып, Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Рақымшылық туралы» Заңын негізге алып, жаза мерзімінің тең жартысы қысқартылсын. Сотталушы Биекенова 3 жыл 3 айын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейді. Жеке мүлкі тәркіленсін»,- деді судья А.Әділова.

Ал жәбірленушілердің азаматтық арызы толық қанағаттандырылды. Сотталушы Биекенова жәбірленушілердің материалдық шығынын толық өтеген.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар