Ақтөбеліктер жаңа орталықтың арқасында ақша үнемдей алады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі энергия тиімділігі орталығы ақтөбеліктердің қаржысын үнемдейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергия тиімділігі орталығының құрылысы 2012 жылы басталып, тоқтап қалған болатын. 2016 жылдың желтоқсан айында республикалық нысан коммуналдық меншікке берілді. Құрылыс жұмысы қайта жанданып, коммуналдық ақыны үнемдеуге мүмкіндік беретін нысан қолданысқа берілді. Мұнда Халыққа қызмет көрсету орталығын, облыстық ІІД-нің жедел басқару орталығын, қаланың тіршілігін қамтамасыз ету және инженерлік желілер мониторингі орталығын, сонымен қатар, Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданы әкімінің аппаратын орналастыру жоспарланып отыр.

«Жоба тұрғындарға көрсетілетін барлық коммуналдық қызметтерді үнемдеуді қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатыр», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
null 

Айта кетейік, 10 шілдеде орталыққа сынақ тәртібінде №4 «Қарғалы» тұрғын үй алабы қосылады. Кейін өзге де шағын аудандар орталықпен байланыстырылады. Бұл үшін үйлерде мәліметтерді автоматты түрде беретін қызметі бар есептеу құрылғылары орнатылуы керек. Мамандар орталықтың артықшылығына ақтөбеліктер тиісті бағасын береді деп сенеді. Алдағы уақытта орталық үйлерге жылу беруді көшедегі ауа температурасына қарай реттеп отырады. Яғни, 30 градус аязда пәтердегі батареялар минус 5-10 градус кезіндегіге қарағанда ыстық болады. Бұл жылуды шығындауға мүмкіндік бермей, тұтынушылардың ақшасын үнемдейді.

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - орталықтың тағы бір негізгі міндетіне жатады. Барлық аулаларда, подъездерде камералар болуы керек. Бұдан басқа, аудан тұрғындарына ыңғайлы болу үшін мұнда мемлекеттік қызметтердің барынша көп түрі көрсетілуі тиіс»,- деп тапсырма берді Бердібек Сапарбаев.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады. Олар орталықты тиімді пайдалану, тұрғын үй нысандарын байланысқа қосудың күнтізбелік жоспарын жасауы тиіс.
null 

Соңғы жаңалықтар