Ақтөбеліктер үйлерін су басқан тұрғындарға көмектесіп жатыр
2017 жылғы 17 сәуір 14:45

Ақтөбеліктер үйлерін су басқан тұрғындарға көмектесіп жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер баспанасы су астында қалған адамдарға заттай, қаржылай көмектесіп жатыр. Қайырымдылық акциясын «Нұр Ғасыр» мешітінің жанындағы қор ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы еріктілер бірнеше топ құрып, қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатыр. «Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы «Зекет» қоры кеше әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беріп, көпшілікке үндеу тастады.
null

«Су басқан үйлерді қарап, адамдармен сөйлесіп келдік. Кейін оларға көмектесу қажет деген шешім қабылданды. Біз таза, бүтін киім-кешек пен тұрмыстық затарды, азық-түлікті қабылдаймыз. Қайырымды адамдар қаржы жинап беріп жатыр»,- деді «Зекет» қорының өкілі Өмірбек Дәмен. Қор мүшелері бүгін үзіліссіз жұмыс істейді. Кешкілік бар жиналған мүлікті арнайы штабқа тапсырады. «Біз туралы естіп, баспанасы суға кетіп жатқан адамдар мешіт жанындағы қорға келіп жатыр. Оларға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінен хабарласып, ақша аудару үшін есепшот нөмірін сұрайтындар бар»,- деді Ө. Дәмен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, баспанасы суға кеткен ақтөбеліктер қазір мектептерді паналап отыр. Онда 600-ге жуық адам бар. Кейбірі тек құжаттарын алып үлгерсе, өзгесі үй киімімен жанын сақтап шыққан.

Jańalyqtar

MURAǴAT