Ақтөбеліктер Түркияға ұшақпен гуманитарлық көмек жіберді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкерлер мен түрғындардан жиналған азық-түлік және киім-кешек, төсек орын жабдықтары Түркия еліне жіберілді. Гуманитарлық көмек ұшақпен жөнелтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жойқын зілзаладан зардап шеккен Түркия халқына өңірден 11 тоннаға жуық алғашқы гуманитарлық көмек жіберілді. Жүктің жалпы құны 30 миллион теңгені құрайды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайынан тиелген жүк Түркияның «MNG» әуе компаниясының ұшағымен Ыстанбұлға жөнелтілді. Гуманитарлық жүкте аса қажетті жылы киім-кешек, азық-түлік, балаларға арналған тағамдар, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық және жеке гигиеналық заттар бар. «Қайырымдылық шарасына Ақтөбе облысының тұрғындары мен волонтерлері мен ірі кәсіпкерлік субъектілері үлес қосты. Барлық тауарды жинау, қаптау жұмыстары қалалық Достық үйінде ұйымдастырылды.

«Алдағы аптада Түркияға Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласынан гуманитарлық көмек көрсетіледі. Жүк Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы арқылы жөнелтіледі. Облыс әкімдігі Түркия Республикасының Үкіметі мен халқына көңіл айта отырып, қолдау көрсетуді жалғастырады»,- деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, қазақстандықтар Түркия халқына көмек ретінде 100-ге жуық киіз үй жібереді.

Қазақстан Үкіметі Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сондай-ақ

Kaspi.kz қосымшасы арқылы Түркияда зардап шеккендерге қаражат аударуға болады.

Түркиядағы алапат зілзала 6 ақпан күні Түркияның Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен басталған еді.

Жер сілкінгеннен кейін артынан 648 афтершок болған.

Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Соңғы мәлімет бойынша Түркияда зілзаладан көз жұмған саны 30 мыңға жуықтады.


Соңғы жаңалықтар