Ақтөбеліктер орталық алаңдарда ескі салт-дәстүрді жаңғыртты

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер «Сарқыт-салтымыздың сарасы» және «Бастаңғы» шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз мейрамына арналған шара 14-наурыз күні басталды. Содан бері Ақтөбеде әр күнге мәдени, танымдық кеш жоспарланды.

Бүгін Орталық стадион алаңында «Сарқыт-салтымыздың сарасы» атты мерекелік шарасы өткізілді.

Іс-шараның мақсаты - Наурыз мейрамын тойлау арқылы қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсету және ұлттық спорт түрлерін насихаттау.

Бұл күні Жастар ауылы тақырыбында киіз үй орнатып, жастар және жас отбасылар ұмыт бола бастаған дәстүрмен танысты. Алдымен қой сойылып, кейін оны жіліктеді. Ет асқан кезде қонаққа ұсынылатын жіліктер таныстырылды.

Сонымен бірге әжелер ішек-қарын аршу, оны өру жолын түсіндірді. Бас пен сирақ үйітілді. Киіз үйді құрып-жинауға арналған шеберлік сабағы өтіп, әжелер тары түйіп, диірмен тартты.

Келушілерге Наурыз көже, бауырсақ ұсынылып, сарқыт түйіншегі таратылды.

Сонымен бірге облыстық білім басқармасы қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі «Бастаңғы» думанын қайта жаңғыртты. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысты.

«Бастаңғы – үлкен кісілер алыс жолға жолаушылап, сапарлап кеткенде жастардың басын қосатын көңіл ашу ойын ортасы. «Қызға қырық үйден тыйым» деген берік қағиданы ұстанған қазақ жастары, әдетте, мұндай басқосуға жеңгелерімен, іні - қарындастарымен бірге келетін болған. Бастаңғыға жиналғандар үйлерінен құрт - май, қант - шайларын өздері әкеліп, ортақ дастарқан жайып, ойын сауықпен көңілді өткізген. Осы салтымызды жаңғырту мақсатында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі өз алағында ағаш үй құрып, қоңақтарына дастархан жайып, жастарға ұлттық ойындар ойнатып, ән мен жырдан шашу шашып, көңілді думан, сазды кеш сыйлайды»,- деп хабарлады Ақөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар