Ақтөбеліктер мемлекеттік бағдарламалардың арқасында баспаналы болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде он отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара кезінде Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин өңір тұрғындарын құттықтады. Сонымен қатар «Нұрлы жер» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша баспаналы болған 10 отбасына пәтер кілтін табыстады.

«Біз 2009 жылдан бері көпбалалы отбасы санаты бойынша пәтер кезегінде тұрмыз. Өзім үй шаруасындамын, жолдасым жүргізуші болып жұмыс істейді. Пәтер жалдап жүргенімізге 15 жыл толды. Бүгін «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы 3 бөлмелі пәтерге ие болдық. Пәтер құны - 9,8 миллион теңге. Бастапқы жарнаның тең жартысып, яғни, 490 000 теңгені әкімдік берді. Бұл қайтарымды сертификат. Өзіміз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитімізде 490 мың теңге жинақтадық. Несиені 17 жылға рәсімдедік. Алғашқы 7 жылда ай сайын 57 000 теңгеден, қалған 10 жылда 46 300 теңге төлейміз», - деді «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушы қала тұрғыны Насиха Күсімова.

Осы күні мектепте шет тілі пәнінен сабақ беретін 27 жастағы жас маман да баспаналы болды.

«Ақтөбе қаласына 2015 жылы көшіп келіп, осы күнге дейін апам екеуміз туыстарымыздың үйін паналағанбыз. Бүгін жеке баспанамызға қол жеткіздік», - деді Самал Жекеева. Ол 1 бөлмелі пәтерді 5 миллион теңгеге алды.

Айта кетейік, биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 4000-ға жуық ақтөбелік отбасы баспаналы болды. Оның 1200-ге жуығы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаржы салған.

Соңғы жаңалықтар