Ақтөбеліктер қылмысты жасыру үшін 50 мың доллар шығынға батты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер қылмысты жасырып, пәтер алу үшін алаяққа ақша беріп, 50 мың долларға шығынға батты. Қазір айыпталушы Дархан Күнжарықов сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық №2 сотында айыпталушы Дархан Күнжарықовтың ісі қаралып жатыр. Ол Ішкі істер органдарында, прокуратура мен сотта танысым бар деп алдап, қылмыстық жазадан құтылу жолын іздегендерге қызметін ұсынған. Іс материалдарына сүйенсек, жәбірленушілердің бірі бұрынғы әскери қызметкер. Ол қылмысты жасыру үшін 24 мың долларын беріп, істі жабуға бар күшін салған.

«Күйеуім қызметін өзгертіп, жаңа жұмыс орнында 7-8 ай еңбек еткен соң Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырған өзгенің мүлкін ірі көлемде иемденіп кету немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпталып, істі болды. Сол кезде Д.Күнжарықов кездесіп, өз қызметін ұсынды. Ол қылмыстық істі жабуға болатынын, таныстарына 24 мың доллар ақша қажет екенін айтты. Ақшаны бердік, бірақ қылмысты жасыра алмадық. Күйеуім 6 жылға бас бостандығынан айырылды»,- деді сот отырысында жәбірленушінің әйелі Гүлбақыт.

Қылмыстық істе баласын жазадан аман алып қалуды ойлаған ана да жәбірленуші ретінде қатысып жатыр. Ол айыпталушыға 800 мың теңге берген. Сот отырысы кезінде жәбірленушілер сот төрағасынан алаяққа қатаң жаза қолдануды және шығындарын өндіріп беруді сұрады. Күдіктінің құрығына ілікендердің ішінде кезектен тыс пәтер алуды көздеген азаматтар да бар. 

 

Соңғы жаңалықтар