Ақтөбеліктер қаладағы жағымсыз иістен қашан арылады – әкім жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбеде ауаны ластаған 20-ға жуық мекеме анықталды. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз талдау жүргіздік. Нәтижесінде ауаға тараған қолаңса иістің шығуына себепші 20-ға жуық кәсіпорын анықталды. Соның ішінде кәріз желілеріне жауапты «Aqtobe su-energy» мекемесі мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бар. Зауыт алдағы 2-3 жылда шаралар қабылдап, жобасын іске асырады. Сонымен қатар банктерден несие алып, кәріз желілерін жаңартамыз. Дегенмен, бұл жұмыстармен шектеліп жатқанымыз жоқ. Былтырдан бастап химиялық реагент, бактерия алып, кәріз жүйесіне құйып қолаңса иісті азайтуға тырыстық. Әрине толық жойылды деп айта алмаймын. Былтыр және биылғы жағдай тәуірлеу», - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Оңдасын Оразалин ауылшаруашылық жерлеріне зиян келтіріп жатқан көбелек құртымен күрес шаралары туралы айтты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті заңдарға өзгеріс енгізді. Соған сәйкес, зиянкестерді улау үшін қаражат жергілікті атқару органдарынан бөлінеді. Бұл жұмыстармен айналысатын 4 мердігер мекеме бекітілді. Дегенмен мұның екінші жағы бар. Өткен жылы у шашқаннан кейін қаладағы құстар жоқ болып кетті. Бір жақсылықтың бір жамандығы болады», - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе облысының әкімі әзірленген жоспарға сәйкес экология мәселелерін шешу жақын арада басталатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар