Ақтөбеліктер интернет арқылы көлік пен пәтер сатып алушыларға алданып қалуда

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде алаяқтықтың жаңа түрі тіркелді. Интернетке пәтер, көлік сатамын деп хабарландыру берген ақтөбеліктер есепшоттарындағы қаржысынан қағылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Koleso.kz және Krisha.kz сайттарына мүлік сатамын деп жарнама берген ақтөбеліктер арасында алаяқтарға алданып қалғандары бар. Алаяқтар мүлікті сатып алушы ретінде жарнама иесіне хабарласып, алдын-ала ақша аудару үшін есепшотының нөмірін, банк карталарының құпия кодтарын алдап сұрап алып, есепшоттарды тонап кеткен. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті кейбір интернет дүкендердің артында да алаяқтар отырғанын ескертеді. Бүгінде осындай 30 дерек белгілі болған.

«Жеке тұлғалардың интернет банкингінде тіркелгеннен кейін жәбірленушілердің нөмірлеріне бір реттік СМС пароль жолданады. Әрі қарай ешнәрседен күдіктенбеген жәбірленушілер осы құпия кодты қылмыскерлерге өз еркімен ұсынып отырған. Құпия кодқа кол жеткізгеннен кейін қылмыскерлер қаржы құралдарын басқа карточкалық шоттарға аударып отырған. Көптеген азаматтар интернет желісіндегі несие алуға көмек беру туралы немесе интернет дүкендерден тауар сатып алу жөніндегі жалған хабарламаларға алданып, терминалмен, яғни, «Киви-әмиян» арқылы қаржы аударып отырған. Ақшаны алғаннан кейін қылмыскерлер бұрын жарияланған хабарландыруды жойып жіберумен айналысқан. Осылайша, азаматтар тапсырыс берілген тауарларын ала алмай және ақшасын қайтара алмай, алаяқтардың құрбанына айналған»,- деді облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Нұргүл Қонақбаева.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының Ішкі істер департаменті күмәнді жағдайлар туындаған кезде алаяқтықтан құтылу үшін клиенттерді қолдау орталығына хабарласуды немесе карточкалық шоттардың дербес деректерін ешкімге бермеуді ескертеді.

Соңғы жаңалықтар