Ақтөбеліктер Димашты қолдау акциясын өткізіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер 15 cәуір күні «Singer 2017» ән байқауының финалында бақ сынайтын Димаш Құдайбергенді қолдау акциясын өткізіп жатыр.

Кеше кітапхана ұжымы арнайы акция өткізсе, бүгін, 14 сәуірде орталық саябақта үлкен кеш ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбеліктер Димаш Құдайбергенді қолдау мақсатында үлкен баннерлерді іліп, қазақ баласының жетістігі мен жеңісіне тәнті болып жатыр. Қазір Димаштың суреті бейнеленген баннерлер аудан орталықтарында да ілулі тұр. «Singer 2017» ән байқауының финалына бірер күн қалғанда Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен арнайы акция ұйымдастырды. Кітапханашылар Димаштың орындауындағы әнді тыңдап, «Димаш, алға!» деп ұрандатты.

«Біз Димашқа сәлемімізді жолдап, үлкен сын алдында күш-қуат бергіміз келді. Ел болып жас өнерпазымыздың тілеуін тілеп отырмыз. Ол нағыз талант. Ал нағыз талант қай елде туса да жерде жатпайды, жарқ етіп көрінеді»,- дейді кітапхана қызметкері Талғат Тілеулесов.

Ақтөбеліктер бүгін кешке үлкен кеш ұйымдастырады. Облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, жергілікті өнерпаздар ән айтып, Димаштың ұстаздары тілек тілейді. Ұстазы Марат Әйтімов өнер көрсетеді.

«Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өтетін шоу концертте Димаштың ата-әжесі ақ батасын береді. Ал жергілікті би ұжымдары Димаштың орындауындағы әндерге билейді. Осылайша Ақтөбенің сәлемдемесін әлеуметтік желі арқылы Димашқа жеткізгіміз келеді»,- деді М.Қорғанбаева. 

Соңғы жаңалықтар