Ақтөбеліктер дала өрті кезінде қаза болғандарды соңғы сапарға шығарып салды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін ақтөбеліктер дала өртін сөндіру кезінде қаза болған ауыл әкімі Батырбек Бірлепесов пен мұғалім Жолдыбек Әбдісәлімовті ақтық сапарға шығарып салды. Ертең ажал құшқан тағы екі ауыл тұрғынын -Жомарт Смаилов пен Жаңабай Әбішевті жерлеу рәсімі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиғаның мән-жайын хабарлаған ауыл тұрғыны, өрт ортасында қалып, күйік шалған адамдар аудан орталығындағы ауруханаға ауыл әкімінің көлігімен жеткізілгенін айтты.

«Сұлукөл ауылында бірнеше күн бойы өрт болды. Бөлем Жомарт Смаилов сол күні өрт ортасында қалған. Денесінің бәрін күйік шалды. Үстінде арнайы киім болмады, өрт сөндірушілер оқиғаның соңында ауылға келді. Оған дейін ешкім болмады. Ауыл халқы өрт жақындаған соң «мал өртеніп кетеді» деп шығып, жұмылды. Жәдел жәрдем көлігімен емес, ауыл әкімінің «Нива» машинасымен аудандық ауруханаға жеткіздік. Жомарт өз аяғымен жүріп, көлікке мінді. Ауруханада 3 күн жатты. Есін білді»,- деді ауыл тұрғыны Серік Мырзағалиев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сұлукөл ауылында 120 үй бар. «Жомарт Смаиловтың екі қарындасы тұрмысқа шыққан. Ол анасымен бірге тұрып келді. Қазір анасы жалғыз қалып отыр. Денсаулығы нашарлап кетті», - деді Серік Мырзағалиев.

Еске салсақ, Сұлукөл ауылында тұтанған дала өртімен күрес кезінде 4 адам қаза тапты . Оқиға орнында ауыл әкімі Батырбек Бірлепесов көз жұмды. Өзге үшеуі ауруханада қайтыс болды.

Өрт кезінде күйік шалған ауыл тұрғындарына ем көрсету үшін облыс орталығынан арнайы мамандар барған.

«Аудандық ауруханадан шақыру 4 қыркүйек күні түсті. Кешкілік хабар түскен соң санавиациямен бара алмады. Травматолог, комбустиолог, реаниматологтары бар бригада реанимобильмен кетті. Түнде науқастардың бәрін қарап, көмек көрсетті. 5 қыркүйекте бригада облыс орталығына қайта келіп, 6 қыркүйекте телемедицинамен байланысқа шығып, дәрігерлер кеңес берді. Науқастардың денесі 90-100 пайыз күйіп қалған. Санавиация аудандық ауруханаға тағы барып, сол жерде көмек көрсетті. Бірақ олар тасымалдауға жарамады. Біз Астана қаласындағы комбустиологпен де тікелей байланысқа шықтық»,- деді Ақтөбе облысы бойынша санавиацияның аймақтық координаторы Эльмира Урунбаева. 

Соңғы жаңалықтар