Ақтөбелік жұмысшылардың 80 млн теңге жалақысы өндірілді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде биыл жұмысшылардың 80 млн теңге жалақысы өндірілді. Қазіргі кезде тағы бірнеше мекеменің бережағы еңбек инспекторларының бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы 1495 арызды қарады. Былтыр 1200-ден астам арыз-шағым түсіп, тексеру жүргізілген. Түсіндіру жұмыстарынан соң кейде мәселе тез арада шешіледі. Дегенмен жыл басынан бері 318 тексеру жүріп, 553 заң бұзушылық анықталды. Бұл әлі де жұмыс берушілердің заңды дұрыс түсінбейтінін, елемейтінін көреметеді.

«Кейде жалақыны уақытылы төлемейді. 553 заңбұзушылық дегеніміз әр адамның жанайқайы. Инспекция тарапынан мыңнан астам ұйғарым берілді. 100-ге жуық хаттама толтырылып, 32 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Ал шетелдік үлесі бар мекемелерге 25 ұйғарым беріліп, 8,7 млн теңге айыппұл салынды. Биыл барлығы 80 млн теңгеден астам жалақы өндірілді. Жұмысшылардың жалақысы дұрыс есептелмей жатады. Кейде түнде жұмысқа шығып, оған қосымша ақы төленбейді. Барлығы анықталып, жұмысшылар құқығы қорғалды. Былтыр 9 айда 415 млн теңге ақша өндірілді. Биыл «КТП Транс» ЖШС-не 4,9 млн теңге, ал «Ақтөбе Сәулет» ЖШС-іне 52 млн теңгеге жуық ақша өндірілді. Мақсатымыз айыппұл салу, шара қолдану емес, біздің мақсатымыз жан-жақты түсіндіру. Заңбұзушылықты болдырмау үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз«,- деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Искарин.
Ақтөбеде тәуекел картасына енген 9 мекеме бар. Оның ішінде үшеуінде жалақы көтеру сұрағы қаралды. Қалғаны жалақы мен жұмыс жағдайын айтты.
»СНПС-Ақтөбемұнайгаз« АҚ жұмысшылары хат жолдап, жалақы көтерілді. «КМК Мұнай» мекемесі де жалақы өсірді. Ақтөбе облысында 130 мекеме жалақыны көтерді. 60 мың адамның жалақысы 10-50 пайызға өсті. Ал қазір тау-кен байыту саласында жұмыс істеп жатқан мекемеде 138 адамның өтініші қаралып жатыр. Компания 32 млн теңге ақша бережақ. Сот шешімі шықса, мекеме шотындағы 40 млн теңге беріледі. Екіншісі «КТП» ЖШС-і. Олардан 4,5 млн теңге ақша өндірілді. Қалғанын да өндіріп бермекпіз«,- деді Талғат Искарин.
Айта кетейік, 9 айда 58 жазатайым оқиға болды. 85 адам зардап шеккен.


Соңғы жаңалықтар