Ақтөбелік жасөспірім аш қалмас үшін 6 рет дүкенге ұрлыққа түскен

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік жасөспірім аш қалмау үшін 6 рет дүкенге ұрлыққа түсті. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы ата-ананың назарынан тыс қалып, түрлі қылмыс жасаған жасөспірімдерге қатысты деректерді тізбектеді. Биыл 21 жасөспірім 60 қылмыстық құқық бұзушылыққа барды. Прокурорлардың мәліметіне сүйенсек, қылмыстық істің 70 пайызы қысқартылған. Дегенмен, 32 жасөспірім алдыңғы ісінен сабақ алмай, қайтадан заң бұзды. Тең жартысы аз қамтылған, толық емес отбасының балалары.

«Мектеп оқушысының әкесі қаза болып, анасы жұмыс істемеген. Сол кезде оқушы құқық бұзып, тіркеуге алынды. Комиссия қарап, анасын жұмысқа орналастырды. Егер барлық мән-жайды біліп отырған мемлекеттік органдар дер кезінде көмек бергенде оқушы қылмыс жасамаған болар еді. Сонымен қатар, тағы бір оқиға бар. Анасы баланы тастап кеткен, әкесі ішімдікке салынған. Полиция қызметкерлері ата-ана құқығынан айыру туралы іс қозғағанымен, бұл жұмыс аяқталмаған. Сол кезде 15 жастағы жасөспірім тірі қалу үшін дүкендерден 6 рет азық-түлік ұрлады. Білім бөлімі, жергілікті атқарушы билік ешқандай шара қолданбаған, отбасыға көмек бермеген»,- деді Ақтөбе облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Қанат Нақымбеков.

Айта кетейік, прокурорлар ауыл жасөспірімдерінің де қылмысқа жиі баратынын анықтады. Биыл ауылда 48 қылмыс тіркелді. Сонымен қатар, облыс орталығына оқуға, жұмыс істеуге келетін жастар да назардан тыс қалып жатыр. Олардың басым бөлігі жалдамалы пәтерде тұрады.

«Ақтөбенің Мәртөк ауданында 9 жасөспірім мен 32 қолайсыз отбасы тіркеуге алынды. Бірақ бірде бір материал жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияда қаралмаған. Мінезі қиын, бұзық балаларды есепке алмаған деректер де анықталды. Мәселен, мектеп оқушысы көліктің қосалқы бөлшектерін ұрлап алған. Оны комиссия қарамады. Мұндай оқиға Ақтөбе қаласы, Темір, Шалқар, Қарғалы аудандарында да тіркелді. Ал Мәртөк ауданында жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия 4 отырыс өткізіп, 6 отбасының сұрақтарын қараған. Бірақ бәрі қағаз жүзінде жасалып, жалған хаттама толтырылған»,- деді Ақтөбе облыстық прокуратурасының басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар