Ақтөбелік жапыраққа Димаш пен Головкиннің портреттерін бейнеледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік шебер Алтынбек Сейдалиев ағаш жапырағына әнші Димаш Құдайберген, боксшы Геннадий Головкин және Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бейнелерін салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Алға ауданында тұратын Алтынбек Сейдалиев ағаш, темір, пластмасса, қағаздан түрлі бұйымдар жасайды. Тіпті жұмыртқадан, қарындаштан кәдесыйлар әзірлеп жүр. Шыдамдылық пен ұқыптылықты қажет ететін қолөнер бұйымдары көпті таңқалдырады, сүйсіндіреді. Мұның бәрін шебер Алғадағы орта мектеп оқушыларымен бірге іске асырады. Шебердің шәкірттері де түрлі тәжірибелер жасап, мотоциклдің үлгісін, ағаштан бесік, пенопласттан мүсіндер дайындап жүр. Ал ағаш жапырағынан жасалатын бұйымдары өте нәзік жұмыс. Мұнда қателесуге, арнайы өңдеуден өткен жапырақты бүлдіруге болмайды.

null  

«Дрим-Арт стилінде сурет салу өнері Ақтөбеде жоқ. Себебі, бұл өте қиын жұмыс. Арнайы өңделген жапыраққа сурет салу үшін стоматология кабинетіне қажетті аппарат қолданылады. Жапырақты алдымен шайға қайнатып, кептіру процесі жүреді. Оның бабы мықты. Қатты кеуіп кетуге жол бермеуіміз керек. Ылғал мен құрғақтың ортасындағы балансты ұстау үшін жапырақты бастырып қоямыз. Кітаптың арасына салып, бірнеше күн сақтайды. Кейін бір күнде сурет салынады. Мен өз қалауыммен, ұнаған тақырыпты жапырақ бетіне түсіремін»,- деді шебер Алтынбек Сейдалиев.

null 

Шебер осы жолмен жапырақты өңдеп, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, боксшы Геннадий Головкин, әнші Димаш Құдайбергенді және балалық шақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, жануарлар тақырыбын қамтыды. Бәрі микроскоппен салынады. Көздің майын тауысатын жұмыстың кейбірі сыйға берілді, кейбірін шебер өзі сақтап жүр.

null null 

«Бір бейнені дайындау үшін 4 күн уақыт қажет. Сурет салу процесі басталған кезде үзіліс жасалмайды. Себебі, жапырақ тез кеуіп кетеді. Сол жолмен боксшы Геннадий Головкинді жасадым. Ол Қазақстанның атын танытып, әлемдік аренада еліміздің намысын қорғап жүр. Ал әнші Димаш Құдайбергенді анам сүйіп тыңдайды. Әншінің бейнесі бар жапырақты анамның туған күніне арнайы дайындап, сыйладым. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың портреті басшының өзіне сыйға берілді»,- деді шебер. 

null 

Ұстаз Алтынбек Сейдалиев бала кезден бері ағаш, темірден түрлі бұйым жасап жүр. Ол Алға ауданындағы №4 орта мектепте технология, сурет салу пәндерінен сабақ береді. Балға  мен шегеге емес, заманауи технолгияғы үйір оқушыларды қызықтыру үшін шебер түрлі тәжірибелер жасап, кез келген бұйымнан жаңа дүние дайындайды. Қазір дим-арт стилінде Есет батыр ескерткішінің суретін салуды жоспарлап жүр. Кейін бұл жапырақтан жасалған сыйды ломинаттап, сақтауға болады.

null 

Соңғы жаңалықтар