Ақтөбелік зейнеткер бір ғасыр бұрын салынған үйінен көше алмай отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының тұрғыны Айсұлу Жұрмағамбетова бір ғасыр болған үйінен көше алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Жанқожа батыр көшесінің тұрғыны Айсұлу Жұрмағамбетова 30 жылдан бері тұратын үйінде қорқынышпен өмір сүріп жатыр. Себебі үйі апатты жағдайда тұр.

«Өзім Ақтөбе облысы, Қобда ауданында тұрдым. Мұғалім болып жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Кейін Ақтөбе қаласына көшіп келіп, аула сыпырушы қызметін атқардым. Мемлекет берген үйге 30 жыл болды. Қабырғасы сөгілді, төбесінен су кетеді. Қыздарым тұрмысқа шықты. Олардың да жағдайы нашар. Ұлым ажырасып кеткен, өзімнің жанымда тұрады. Отбасын зейнетақыммен асырап отырмын. Тойып тамақ ішпейміз, үйіміз салқын»,- деді Айсұлу Жұрмағамбетова.

Ақтөбе қаласында газ болғанымен, бұл үй әлі пешке ағаш жағып отыр. Үйден ыстың иісі шығады. 80 жастан асқан қария күніне бір мәрте тамақ ішіп, жан бағып отыр. Бар сұрайтыны - баспана. 

«Үйім апатты деп танылып, кезек күтіп отырмын. 5 жылдан бері күтіп, көмек сұраймын. Бірақ әкімдік көмектесе алмайтынын жеткізді. Түнде қорқып ұйықтап, таңертең оянғанымызға шүкір етеміз»,- деді қария.

Айта кетейік, Ақтөбеде 22 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Қазіргі кезде жергілікті билік апатты тұрғын үйлерді мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында қайта салуды жоспарлап отыр.

«Біз апатты көпқабатты үйді жою жұмыстарын жүргіземіз. Жыл өткен сайын үйлердің жағдайы нашарлап барады. Жұмысты тиімді жүргізу мақсатында, кезекте тұрған адамдар санын азайтуға мемлекеттік-жекешелік серіктестік бағдарламасын қолданамыз. Ақтөбе қаласында құрылыс компаниясы тұрғындармен кездестіп, 8 адаммен келісімге келді. Көктемде құрылыс жүргізіледі. Дәл осы әдіспен басқа үйлерге де барамыз. Егер көпқабатты тұрғын үйде бір адам рұқсат бермесе, екіжақты келісім болмайды. Ал егер қала ішіндегі үйдің аумағы тар болса, біз құрылыс компаниясына басқа аумақтан жер береміз. Ал аумағы шағын үйді бизнеске пайдалануға болады»,- деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының меңгерушісі Хайдар Ермашев. 

Соңғы жаңалықтар