Ақтөбелік волонтерлер мүгедек бала бағып отырған отбасыларға азық-түлік жеткізіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде баласы туа бітті дертке шалдыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасыларға еріктілер көмектесіп жатыр. Оларға азық-түлік пен гигиеналық заттар жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысындағы қоғам белсенділері, еріктілер мен ауған соғысының ардагерлері бірігіп, кәсіпкерлер қолдауымен үй-үйді аралауға көшті. Арнайы себетте қажетті азық-түлік пен гигиеналық құралдар, медициналық бетперде бар.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Nur Otan» партиясы150 млн теңге бөліп, партияның орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері қосымша өздерінің бір күндік жалақысын аударады. Осы қайырымдылық акциясының ауқымы кеңейіп, еліміздің барлық аймақтарында өте бастады. Партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен партия филиалдары, белсенді партия мүшелері, жасотандықтар, еріктілер, жалпы белсенді ақтөбеліктер көмек көрсетуге жұмылды. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 23 отбасына көмек көрсетілді. Бұл жалғаса береді», - дейді «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиал төрағасы Асылжан Бүркіталин.


Еріктілер коронавирустан қорғану ақпараттық парақшасын да таратты. Ал ақтөбеліктер қиын кезде көмекке келген жастарға алғыс айтты.

«Бұл біздің бірігіп, бірге амал етіп, көмектесетін шағымыз. Аз қамтылған, мұқтаж отбасылардың әлеуметтік жағдайы үшін алаңдап, оларға көмектесу парызымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Біз осы ұранмен жәрдемдесуді бастадық, жастардың көмегімен жалғастыра береміз», - деді «Ер Бақыт» патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев.


Соңғы жаңалықтар