Ақтөбелік ұстаздар жол апатынан қаза тапқан мектеп директорларын еске алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік ұстаздар №20 мектеп директоры Бағдат Урумбаева және №33 мектеп директоры Альмира Орақованы еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін №20 мектеп директоры Бағдат Урумбаева және №33 мектеп директоры Альмира Орақованы әріптестері еске алды. Олардың фотосын мектеп дәлізіне қойып, естеліктерін бөлісті.

«Мен 2016 жылы мектеп директорларының республикалық біліктілігін арттыру курсында кездестім. Ол білікті басшы, талапшыл, әділ болды. Ұжымдағы әр адамға тең қарады. Қимаймыз. Альмира Орақова бұған дейін бірнеше колледжде директор, бірнеше мектепте директордың орынбасары қызметтерін атқарды, - деді №33 мектептің мұғалімі Оразбай Ұлқабай.

Қалалық білім бөлімінің басшысы да білім беру саласының дамуына үлес қосқан қос директордың еңбегін атап өтті.

«Болашақ ұрпақтың білім беру ісінде ерен еңбек етіп,мектеп жұмысын шебер үйлестіріп, ұстаз үніне, ата-ана ұсынысына үлкен жауапкершілікпен қараған, шығармашыл, ізденімпаз, жеңімпаз шәкірт тәрбиелеуде ерен еңбек еткен әріптестеріміз № 20 орта мектеп-лицейінің директоры Урумбаева Бағдад Айсұлтанқызы мен № 33 орта мектебінің директоры Оракова Альмира Шахарбекқызы кенеттен өмірден өтті. Олар біз үшін тек әріптес қана емес, үлгілі ана, мейірімді жан, ақылшы дос, үлкен жүректі жаны жайсаң азаматшалар болды. Алла олардың жанына тыныштық беріп, жәннаттық етсін. Бұл орны толмас қазада әріптестеріміздің отбасына қайғыларыңызға шын жүректен ортақтастығымды білдіргім келеді. Білім саласына, оның ішінде Ақтөбе қаласының білім деңгейін көтеруде сіңірген зор еңбектері жадымызда мәңгі сақталады»,-деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.

Еске салсақ, Ойыл-Қобда тасжолында көлік аударылып, екі мектеп директоры оқиға орнында көз жұмды.

Тағы екеуі ауруханада жатыр.


Соңғы жаңалықтар