Ақтөбелік тұрғын 1840 жылға дейін уақытша есепке алынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының тұрғыны Ирина Шмидт бүгін әлеуметтік жәрдемақы алу үшін құжат тапсырып, мекенжай анықтамасын шығарып алды. Құжатта Шмидттер отбасы 1840 жылға дейін уақытша тіркеуге алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ирина Шмидт бірер күн бұрын Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кәмелет жасқа толмаған балалары үшін әлеуметтік көмек алуға өтініш жазады. Сол кезде мекенжай анықтамасы шығарылып, қате белгілі болды.

«Мен орталықтағы маманға құжаттарымды беріп, күтіп отырған кезде мекенжай анықтамасын шығарып берді. Құжат бойынша 2017 жылдың 30 қаңтарынан 1840 жылдың 31 қаңтарына дейін уақытша есепке алынғанмын. Осы қателіктен соң мен әлеуметтік көмекке құжат тапсыра алмадым. Енді екінші тоқсанның ақшасын ала алмаймын. Маған айыппұл төлеп, қайта тіркеуге тұрыңыз деп айтты. Менің ғана емес, үш баламның да құжаттарында 1840 жыл деп жазулы тұр»,- деді Ирина Шмидт.

Құжатты халыққа қызмет көрсету орталығындағы облыстық ІІД, Көші-қон полициясының мамандары қарап шықты. Инспектор Гүлмира Буринаның айтуынша, Ішкі істер департаментінің базасында ешқандай да қате жоқ екен.

«Ирина Шмидт тіркеуде тұрған үйдің иесі оны 2017 жылдың 30 қаңтарында тізімнен шығарып жіберген. Үй иесі алдын-ала хабарлап, Шмидттер отбасына айтуы керек еді. Бірақ заң бойынша үй иесі хабар берсін деген міндет жоқ. Арада екі ай өтті. Қазіргі уақытта Ирина Шмидт еш жерде тұрақты, уақытша тіркеуде жоқ. Ол өзі тұрған мекенжай бойынша учаскелік инспекторға барып, әкімшілік хаттама алуы керек. Сол бойынша 15 883 теңге айыппұл төлейді»,- деді Г.Бурина.

Мамандардың айтуынша, тұрақты және уақытша тіркеуде жоқ адамдарда дәл мұндай сандық қателік кезігіп тұрады екен.

Соңғы жаңалықтар