Ақтөбелік тергеушілер жалған жер актілерін жасағандарды таба алмады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат  - Ақтөбелік полиция қызметкерлері жалған жер актілерін жасап, қарапайым адамдарды алдап кеткендерді таба алмады. Қылмыстық іс қысқартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының отырысында шешілмей жүрген көп мәселені ортаға салды. Біріншіден, бөлімде маман тапшы әрі қателік көп. Екіншіден, облыс орталығында жалған құжат дайындап, 10 сотық жер ала алмай жүргендерді алдағандар табылмады.

«2016 жылдан күні бүгінге дейін функционалды міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін бөлім қызметкерлеріне әртүрлі сипаттағы тәртіптік жаза қолданылды. Атап айтар болсақ, 2016 жылы 9 ескерту, 7 сөгіс берілді. 2017 жылы екі ескерту берілді. 2016 жылы жалған құжат жасаудың 10 дерегі тіркелді. Белгісіз біреулер азаматтарға заңсыз жер актілерін берілген. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» дерегі бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін іс құжаттары ішкі істер бөліміне тапсырылды. Тергеу жүргізіліп, құқық бұзушылардың анықталмауына байланысты іс қысқартылды»,-  деді бөлім басшысы Ұ. Мыңбаев. Азаматтарға жалған жер актілерін беру дерегі бойынша биыл 7 оқиға тіркелді. Ұшқын Мыңбаевтың айтуынша, биыл 2006 жылы кезекке тұрған 10 мың ақтөбелікке жер беріледі деген жоспар бар. Алаяқтар бұл сәтті де оңтайлы пайдалануы мүмкін.

«Биыл анықталған қылмыстық деректер бойынша құжаттар ішкі істер басқармасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімдеріне жолданды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кездесуге келген азаматтарға ескерту беріп отырамыз. Себебі, алдағы уақытта жер беріледі. Адамдар алаяқтарға алданып қалуы мүмкін»,- деді бөлім басшысы. 

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салынып жатыр. 10 сотық жерге салынған дайын баспана кезекте тұрған азаматтарға беріледі. 

Соңғы жаңалықтар