Ақтөбелік сүңгуірлер жоғалған баланы су астынан іздей алмай отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 13 ақпан күні жоғалып кеткен бала Елек өзенінен іздестіріліп жатыр. Өзен ағысының жылдамдығы артып, сүңгуірлер су астына түсе алар емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 13 сәуір күні кешкілік 10 жастағы Біржан Ерсайынов жоғалып кеткен болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, мектеп оқушысы ойнаймын деп үйінен шығып кеткеннен қайтып оралмаған . Полицияға хабар кешкілік түсіп, облыстық төтенше жағдайлар қызметі шұғыл іздеу жұмыстарын бастады.

«Төтенше жағдайлар қызметі балалардың айтуы бойынша бір-бірін қуалап жүрген кезде ол суға түсіп кеткен деген болжаммен іздеуді бастады. Тағы біреуі баланың сең үстінде секіріп жүргенін, кейін батып кеткенін айтты. Екі жағдайды ескеріп, іздеу қар суынан жиналған алаңда жүргізілді. Бұл қар суы Жіңішке өзеніне, Жіңішке Елек өзеніне құяды», - деді ТЖД шұғыл құтқару жасағының кезекшілік-диспетчерлік қызметінің жетекшісі Оксана Кичигина.

Іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жергілікті әкімдік, тұрғындар мен полиция қызметкерлері, туған-туыстары мен төтенше жағдайлар қызметі өзен мен жағалауды қарап жатыр. Бірақ сүңгуірлер өзен астына түсе алар емес.

«Қазіргі уақытта су лай және өзен ағыны қатты. Талап бойынша өзен суы адам көзі көрмейтіндей лай болса, судың ағыс жылдамдағы секундына 2 метрден асса, сүңгуірлердің өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан олар су астына түсе алмайды. Дәл осындай жағдай 5-6 жыл бұрын болды. Ол кезде ересек адам суға кетті. Әлі күнге дейін оның мүрдесі табылмады. Дұрыс түсініңіздер, қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр», -  деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.

Төтенше жағдайлар қызметі қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы іргесіндегі ауыл маңында іздеуді жалғастырды. Себебі, Елек өзенінің ағысы сол жерлерде саябырсып, бірнеше арнаға бөлінеді екен.

«Үш күн жан-жақты іздеу жұмысы жүргізіледі. Өзенге маторлы қайықтар шығарылды. Тағы жеті күн өзен жағасын қараймыз. Кейін іздеу тоқтатылады», - деді Б.Сыздықов.

Айта кетейік, 10 жастағы Біржан Ерсайыновтың туған-туыстары іздеу жұмыстарын қала ішінде де жүргізіп жатыр. Олар бала адасып, саяжайлардың бірінде бой тасалауы мүмкін деп болжап отыр. Себебі, кейбір адамдар баланы көргенін айтты. Ерсайыновтар отбасы жаппай іздеу шарасын ұйымдастырып, қала тұрғындарынан көмек сұрады. 

Соңғы жаңалықтар