Ақтөбелік студенттер жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлықпен кезікпеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жазғы сессия кезінде студенттер арасында сауалнама жүргізілді. Жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастар жемқорлық деректерін байқамаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жоғары және арнаулы орта білім беру мекемелерінің студенттері арасында екінші рет жасырын сауалнама жүргізді.

«Қайталама сауалнама 1577 студентті қамтыды. Оның екеуі таңдаулы мемлекеттік жоғары оқу орны: М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. Әрі 10 колледж студенті қатыстырылды. Мысалға, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Сіз университеттің ішінде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен, оның ішінде, оқытушылар немесе қызметкерлер тарапынан өзінің қызметтік лауазымын жеке пайдасына пайдаланған жағдайлармен кездестіңіз бе?» деген сұраққа 172 респонденттің 97% «жоқ» деп жауап берді. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 93 пайызы сыбайлас жемқорлық дерегі жоқ екенін айтып, 88 пайызы баға үшін пара беруге қарсы екенін, мұндайға жол бермейтінін растаған. Жастардың 77 пайызы жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қатысып, заңнамамен танысқан екен», - деп хабарлады МҚІжСЖҚІА-ң Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, алғашқы сауалнама кезінде студенттер оқытушылардың 20-80 мың теңге көлемінде пара алатынын, кейбір кезде азық-түлікке тапсырыс беретінін айтқан болатын.

«Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро департаменті басшылары жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесіп, оң нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейін анықталған деректердің болғанын мойындап, жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмысты әрі қарай жандандыруға келісті», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар