Ақтөбелік студент суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында тұратын Нұржан Рашид бес жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Ырғыз ауданында болды.
«21 сәуір күні сағат 16:15-те Ырғыз ауылындағы өзенге батып бара жатқан бала туралы хабар түсті. Құтқарушылар келгенге дейін көрші жiгiт 5 жасар баланы судан аман алып шыққан. Ол ессіз болды, оған жүрек массажы жасалды. Баланы 19 жастағы Нұржан Айдарәліұлы Рашид құтқарды. Ол Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ-нің 2-курс студенті. Өзен баланың тұратын жерінен 10 метр қашықтықта орналасқан. Көрші жiгiт оны құтқаруға келген кезде бала жағадан 7 метрге дейін ұзап кеткен екен», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы.


Айта кетейік, бала қазір аудандық ауруханада жатыр. Дәрігерлердiн айтуынша, балаға суық тимеген, жағдайы тұрақты. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлар комитетіне Нұржан Рашидті батылдығы үшін марапаттауға ұсыныс жасады. Сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы университеттің «Жұбанов атындағы шәкіртақысы» тағайындалады.
Соңғы жаңалықтар