Ақтөбелік студент достық шарж салып, алғашқы көрмесін өткізді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік студент әлемге танымал және қазақстандық өнер адамдарына шарж салды. Ол алғашқы көрмесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шынболат Исағалиев қазір универсиетте дизайнер мамандығын меңгеріп жүр.

Ол сурет салу өнерінің бірнеше жанрын бақылап, таңдап, шарж салуды жөн көрді. Туындылары көпшілікке алғаш рет ұсынылды.

«Көрмеге өзім салған туындылардың сәтті шықанын іріктеп алдым. Шаржда актерлердің бейнесі көп. Өзім кино қарағанды ұнатамын. Алдағы уақытта Ақан Сатаев, Нұржан Төлендиевті салғым келеді. Сурет салуға көп уақытымды арнаймын. Себебі қателесемін, қайта ойланып, өз олқылығымды түзетемін. Кейде 8-10 сағат бойы отырып, жаңа дүние салып шығамын. Кейде бастап, ұнамай тастап кетемін. Қайта оралып, шаржды ойымдағыдай етіп салып шығатын сәттер болады»,- деді Шынболат Исағалиев.

Студент қалам, қара қарындаш пен түрлі түсті қарындашты жиі қолданады.

«Көпшілігі шаржды карикатурамен шатастырады. Шарж адамды күлкіге айналдырмайды, керісінше ерекшелігін айшықтай түседі. Қазіргі мақсатым - оқуды ойдағыдай аяқтау. Компьютерді жетік меңгеріп, фотодизайнер, видеомонтаж жасауды меңгергім келеді. Тіпті мобильді қосымша жасауға машықтансам деп ойлаймын. Қазір мен әр саланы қарап, бағымды сынап жүрмін. Көп ұзамай таңдау жасаймын», - деді ол.

Оқытушысы Әділғали Сағымбаев оның шығармашылығына қолдау білдіріп, бағыт-бағдар беріп отыр.

Сонымен бірге ата-анасы мен бауыры да үнемі жанынан табылады.

Айтып өтейік, мектепте оқып жүргенде және студент кезде Шынболат Исағалиев үнемі байқауларға қатысты.

Мәселен 2014 жылы «Жұлдызай» фестивалінде алғыс хат алды.

Ал 2015 жылы «Біз Қазақстанды сүйеміз» байқауында І-дәрежелі дипломмен марапатталды.

Ал пауэрлифтингтен тірек қимылы зақымданған спортшылар арасында өткен облыстық біріншілікте үшінші орыннан көрінді.



Соңғы жаңалықтар