Ақтөбелік сотталғандар Пробация үйіне көмек сұрап барады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде сотталғандарға әлеуметтік, психологиялық, құқықтың, медициналық көмек беретін Пробация үйі жұмыс істей бастады. Сотталғандар жұмысқа орналасу кезінде көп кедергіге тап болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық пробация қызметінің есебінде 1200 адам тіркеуде тұр. Ұрлық жасап, жол-көлік оқиғасы кезінде жүргіншінің өліміне себеп болғандар мен алаяқтығы үшін сотталғандар алдымен психологиялық тест тапсырып, бос жұмыс орындарымен танысады. Пробация үйі күніне 40-50 адамға көмек көрсете алады. Бұрын мерзімінен бұрын босап шыққандар қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмесе, енді бір үйдің ішінде барлық маманнан кеңес ала алады. 

«Жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі күні қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 100-ден астам адам жіберілді. Олардың 9-ы кәсіби даярлық курстарында білім алады, ал үшеуі жұмысқа орналасты. Пробация үйінде халыққа қызмет көрсету орталығының маманы да бар. Сонымен қатар, 130-дан астам адам медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлерден кеңес алды. Психологиялық көмек те осы жерде беріледі»,- деді Пробация үйінің аға инспекторы Гауһар Күзенбаева.

Дегенмен, сотталушылар әлі де жұмысқа орналасу басты қиындық екенін жасырмайды. «Мас күйінде қылмыс жасалған соң мен нашақорлар тізіміне іліктім. Жаза мерзімі толық өтелген соң нашақорлар тізімінен алынады немесе қалдырылады деген мәселе қаралады. Ал қазір ірі кәсіпорындар мені жұмысқа алмайды. Ал шағын кәсіпкерлер жалақысы аз жұмыс ұсынады әрі жалақыны уақтылы төлемейді. Келісімшарт жоқ, ресми жұмысқа алмайды. «Қайда жұмыс істейсің» деп сұраса құжат жүзінде ештеңе дәлелдей алмаймын. Жұмыспен қамту орталығына әр апта сайын барамын»,- деді жазасын өтеуші Игорь Щиян.

Пробация үйінде психологиялық көмек беріледі. «Ақ Сұңқар» психодиагностикалық кешеніндегі сұрақтар сотталушылар жиі кезігетін мәселелерге орай ұйымдастырылған. Мұнда кейбірі 80-нен астам сұраққа жауап берсе, енді біреуі 300 тест сұрағынан өтеді. Сотталғандардың көбі алдымен жұмысқа орналасып, табыс табуды ойласа, кейін ата-ана мен туған-туыстың көзқарасымен күрес жолын іздейді. «Түрмеден шыққандарды қоғам ғана емес, өз туыстары қабылдай алмайды. Сондықтан психологтың көмегіне жүгініп, ішкі сырымызды айтамыз. Адамдармен ашылып сөйлесуге ұялсақ, маман бізді біледі, түсінеді»,- дейді жазасын өтеуші Айгүл Әділжанова

Соңғы жаңалықтар