Ақтөбелік шебер «EXPO-2017» көрмесіне этнографиялық ағаш үй апармақ

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік шебер Ерқосай Әбілов әлемде теңдесі жоқ ағаш үйдің үлгісін жасап, сызбаны дайындап қойды. Ол тіреусіз, диаметрі 33 метр болатын ағаш үйді «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне жасауды жоспарлаған. Этнографиялық ағаш үйге қажетті материалдар жергілікті жерден алынады. Бұл туралы шебер Ерқосай Әбілов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

null
- «EXPO-2017» халықаралық көрмесі қазақстандық шеберлер үшін ең үлкен мүмкіндік, қазақ елін танытуға, ұлттық салт-дәстүрімізді таныстыруға арналған алаң. Сол көрмеге сіз әлемде теңдесі жоқ ағаш үй жасап апаруды жоспарлап отырсыз. Идея қалай іске асады?

- Елімізде «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне жан-жақты дайындық жүріп жатыр. Көрмеге бес қару, сауытты апару жоспарда бар. Ең үлкен жоба - ағаш үй. Ағаш үй жасау 10 жылға жуық уақыт бұрын ойға келіп, қазір шарықтау шегіне жетіп отыр. Желтоқсан айында облыстық әділет басқармасына барып, кері қайттым. Таза этнографиялық бағытта жасауды жөн көрдік. Құжаттары дайындалып жатыр. Заңдастырып, сол кезде ғана жариялаймын. Тым болмаса «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің соңына үлгерсем деймін. Себебі, бұл әлемде теңдесі жоқ жоба. Үйдің қақ ортасында Орда орналастырылады. Жан-жағында 7 шағын үй болады. Бұл шағын ағаш үйлер Ордаға апарар жолдың, есіктің қызметін атқарады.

Егер демеушілер табылып, басшылық қолдаса біз де әлемді таң қалдырып, үлкен істің нәтижесіне қол жеткізе аламыз.

- Алып ағаш үйге қажетті материалдар табыла ма?

- Әлемде ағаш үй жасаушылардың ізденісі жоғары. Бетоннан жасалғаны да кездеседі. Ал Алматыда Моңғолия жобасымен алып ағаш үй жасалды. Бірақ ол жерде тіреу бар. Ағаш үйде тіреу болмайды, таза этнографиялық бағытта құрастырылады. Жоба бойынша тіреусіз, диаметрі 33 метр болатын ағаш үй жасалады. Құрылымын өзім ойлап шығардым. Ағаш үйге қажетті материалды алатын жерді білемін, өзім сол жерде туып, өстім. Талды Ақтөбенің Мәртөк ауданы, Жаңатаң ауылынан алсам деймін. Өзіміздің ауылдың талынан да керегелер жасауға болады. Уыққа үлкен ағаштар өсетін жерлер бар. Ақтөбеден бір киіз үйге ағаш табуға болады. Уық, керегелерді июдің жаңа технологиясын өзім ойлап таптым.

- Ағаш үй жобасы құжаттары ресми тіркелген соң басталады. Ал қазір қандай тапсырыстар түсіп жатыр?

- Жеке жұмыс істеген соң шебер тапсырысқа тәуелді. Күзде облыстық мұражай ашылады. Соған нарқобыз жасауым керек. Ал Алға, Қобда аудандарындағы мұражай бесқаруға тапсырыс берді. Негізінен мен Ақтөбе облысындағы 12 аудан мен қаладағы 2 музейге өз қолөнер бұйымдарымды жасадым. Мәселен, Ойылдан хабарласып, шертер, дабыл, дауылпаз жасалды. Бәрі кәсіби аспап әрі мұражай жәдігері. Сонымен қатар, Қолөнершілер одағының мүшесі ретінде жыл сайын өтетін конкурсқа қатысу жоспарда бар. Нағашы атам етікші болған. Етікке қоңырау салып жасаған екен. Соны жаңғыртып, қайта өмірге әкелу жоспарда бар. Тері илеп, дайындық басталады. Тек күннің жылынуын күтіп отырмын.
null 

- Сіз бір ғана саланы емес, жан-жақты, этнографиялық бағытты ұстанған шеберсіз. Темір, ағаш, тері илеу. Бәрі сіздің қолыңыздан келетін іс. Ал адамдар көбіне неге тапсырыс береді?

- Зергерлік бұйымдарға сұраныс жоғары. Домбыра сұраушылар да көп. Таяуда Ресейден хабарласты. Қазір Қостанайдың тапсырысымен домбыра жасап жатырмын. Маңғыстау да кезек күтіп отыр. Ыдыс-аяқ сұраушылар да кездеседі. Сауыт, бес қару жасаймын. Мұның бәрі этнографиялық бағытта жасалады. Мәселен, домбыра жасайтын ағаштарды іздеп жүріп сатып аламын. Осыдан 10-15 жыл бұрын дәулетті адамдар қызыл ағаштан есіктер жасатты. Сол ағашты бірнеше жыл кәдеге асырдым. Шәмшат ағашы да қолданылады. Іздесең түрлі жолдармен табуға болады. Сонымен қатар, шырша ағашы бар. Шырша кем дегенде 25 жыл кебуі керек. Домбыра жасап жүргеніме 26 жыл болды. Бәрі егемендікпен бірге келген өнер. Ел еркіндік алып жатқанда адамның ішкі еркіндігі күшейіп, содан шеберлікке бет бұрдық. Қиын жағдайлар да болды. Сонда да тастамай, мен оған, ол маған сүйеу болдық. Шебер өнерді көтерсе ғана өнер оны көтереді. Бір мақсатқа жету үшін бүкіл өміріңді, уақытыңды қиюың қажет. Әдеттегідей сағат 6-ға дейін жұмыс істеп, 6-дан кейін ұмытып кетуге болмайды.
null 

- Өзіңізге арнап жасаған қолөнер бұйымдары бар ма?

- Үш жыл бұрын балам үйленгенде беташарға қамшы мен домбыра жасадым. Сол екеуін баламның отбасына сыйға бердім. Ал үйде қалатын зат жоқ, бәрі сұраныспен жасалады.

- Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз...

- Сүйектен жасалатын бұйымдарды жаңғырту ойда бар. Қолданысқа енбей жатқан жәдігерлерді қайта түлету менің басты мақсатыма айналды. Ас тартатын табақты да сұрайды. Мен дөңгелек етіп шығару үшін арнайы құрал дайындап жатырмын. Домбыраға ішек дайындауды қолға алдым. 4-5 жыл бұрын өнер зерттеушісі Әбдулхамит Райымбергеновке тексертіп алғанмын. Биыл Алматыға барып, шеберлік сабағын өткіземіз. Бұл ішек күй жазуға өте жақсы. Басқа дыбыс береді. Ол да бір сала. Дамыту керек. Тиек дайындайтын станок жасау ойда бар. Жобалар көп. Мәселен, мен 96-жылдары «Шеберхана» кітапшасын шығардым. Онда қамшы, бесік, домбыра, сандык жасаудың әдістері жазылып, көрсетілген. Соның жалғасын дайындасам деймін. Әрі өлеңдер жинағымды жарыққа шығарғым келеді.

- Әңгімеңізге рахмет, бастамаларыңыз сәтті болсын! 
null 

Соңғы жаңалықтар