Ақтөбелік оқушы жаңа жылдық шыршаға Ақордадан тәж, бәйтеректен көйлек киіп келді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде дарынды балаларға арналған жаңа жылдық шырша ертеңгілігі өтті. Оқушылардың бірі Ақордадан тәж, бәйтеректен көйлек киіп келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жаңа жылдық шырша кеші жалғасып жатыр. Бүгін 200-ден астам дарынды бала жасыл шырша жанында ән айтып, би биледі.

«Соңғы он жылда 5 мыңға жуық бала олимпиадалардың жеңімпазы болды. Сіздер сол балалардың жалғасы боласыңдар. Өңірде салынып жатқан мектеп, спорт, мәдениет ошақтарының бәрі Сіздер үшін. Сіздер қазіргі заман талабына сай жаңа технологияларды, жаңа бағдарламаларды игерсін, дүниежүзінің мықты жоғары оқу орнына түссін, Қазақстанның дамуына үлес қоссын деген тілек бар. Жақсы оқыңдар! Ең негізгісі тәртіпті болу керек. Спорт, өнермен айналысу керек. Сол кезде Димаш Құдайберген сияқты қазақтың, Қазақстанның атын дүниежүзіне шығарасыңдар», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сыйлық алған балалар арасында Әйтеке би ауданы, Ақтасты орта мектебінен келген Темірлан Орынбаев бар. Ол облыстық «Жаңа толқын» шығармашылық байқауының жеңімпазы, республикалық «Ақжелең» конкурсының лауреаты. Ал Ырғыз ауданынан келген Айкөркем Еркінәлі Яссауитану халықаралық байқауының күміс медаль иегері.

Айта кетейік, бүгін жаңа жылдық шыршаға Қобда ауданынан келген оқушы Аружан Жазитова ерекше киім үлгісімен келді.

«Анам Маржангүл Төлеуова киімді арнайы тікті. Тәжім Ақорда, көйлегім бәйтерек. Екеуі де Астанамызды символы. Өзім Елордада болмадым. Арманым - Астананы көру, сол жақта жоғары білім алу. Өзім ән айтқанды ұнатамын», - деді Аружан Жазитова.

Көйлек атлас матадан тігіліп, қағаздан зәулім ғимарат пен бәйретек жапсырылды. Ал тәжі фетрден жасалды.

Соңғы жаңалықтар