Ақтөбелік оқушы мүгедек анасының күтімін жасап отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік оқушы пәтерақысының төлемі, киім мен тамақтың бағасын түгел біледі. Ол І-топтағы анасының бар күтімін жасап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Ембі қаласындағы №7 мектеп-интернаттың оқушысы Сағыныш Жұмабай 6 жасында әкесінен айырылып, өзінен кіші бауыры және анасымен бірге тұрады. Алғашында Мұғалжар ауданына қарасты 53-разъезде тұрған отбасы балалар мектеп-интернатқа орналасқан соң Ембі қаласынан пәтер жалдады. Ерте есейген оқушы Сағыныш анасымен ым арқылы сөйлеседі. Бәрін өзі үйренген, үй жұмыстарына да ширақ.

«Ауылдан қалаға келген соң пәтер жалдауға тура келді. Пәтер ақысы 15 мың теңге. Менің 3-сыныпта оқитын інім бар. Ол да мектеп интернатта жатады. Екеуміз бір жерде боламыз, анамыз сұрап алса үйге барып қонамыз. Интернатта жағдайымыз жақсы, тек анамызды уайымдаймыз», - деді мектеп оқушысы Сағыныш Жұмабай.null 

Ол құжат тапсыру, толтыру жұмыстары кезінде анасының жанында жүреді. Футболшы болуды армандайтын Сағыныш жақсы оқиды, інісінің сабағын орындауға көмектеседі.

«Анамды мен түсініп, құжат толтыратын жерлерге ертіп апарамын. Үйде де үнемі көмектесіп, анамның жанында жүремін»,- деді мектеп оқушысы.

Айта кетейік, бұл отбасы балаларына «Мектепке жол» акциясымен көмек көрсетілді. Ал әкімдік соңғы жылдары қалаға әлеуметтік пәтер салынбағанын жеткізді.

«Бұл отбасыны білемін. Балалар мектеп-интернатта жатыр. Егер Ембіде бос тұрған үйлер жөнделіп, пайдалануға берілсе, бірінші кезекте пәтер сол адамдарға беріледі», - деді деді Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай.

Еске салсақ, Ембі қаласында 5 қабатты тұрғын үйлер қаңырап тұр. Келер жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жөнделуі мүмкін.

 
Соңғы жаңалықтар