Ақтөбелік оқушы мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық туралы дәріс оқыды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде №63 орта мектептің 8-сынып оқушысы Диана Сейітова мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлық туралы дәріс оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Ақтөбе қаласы Алматы ауданының мемлекеттік қызметшілерімен жиын өткізді. Кездесуге оқушылар мен имамдар, психологтар, ақсақалдар, мемлекеттік қызметшілер қатысты.

«Өтірік ел арасында сенімсіздік туғызады. Ал біз туған-туыстарымыз бен жақындарымыздың жанында, тәуелсіз, құқықтық мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресуге шақырамын», - деді №63 орта мектептің 8-сынып оқушысы Диана Сейітова.

Жиынға қатысушы имам сыбайлас жемқорлықтың күнә екенін, ал ақсақалдар өскелең ұрпақты тәрбиелеуге кері әсерін тигізетінін айтты. Психолог пара беру арқылы мәселені шешу опа тапқызбайтынын түсіндірді.

«Жиынға қатысқан мемлекеттік қызметшінің әйелі адал жолмен тапқан табысқа қанағат етуді еске салды. Себебі кейде әйелінің сұранысын орындауға бел буған ер адам тәуекелге барып, тура жолдан тайып кетеді. Алдағы уақытта мұндай кездесулер жалғасып, мейлінше көп адамды қамту жоспарланып отыр», - деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің баспасөз қызметі.

Жиын кезінде облыстық департамент басшысы Расул Медетов те өз ойын білдірді.

«Сыбайлас жемқорлыққа барған адам өз өміріне балта шабады, күнә арқалайды. Қоғамға қанша пайда әкелсең де, бір рет пара алу бәрін текке кетіреді. Ақша туған-туыстарың мен бостандығыңнан артық емес», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар