Ақтөбелік оқушы көліктерге техникалық қызмет көрсететін орталық ашып алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік оқушы Серік Берікұлы 14 жасында кәсіпкер атанды. Ол көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықта тұратын Серік Берікұлы қазір көлік жөндеп жүр. Шұбарқұдық гимназиясының оқушысы техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, табыс табуға көшкен. Оқушы математика пәнінен олимпиадаларға қатысып, тіпті ғылыми жетекшісімен бірге жаңалық ашып жүр.

«Серік Берікұлы 7-сыныптан бастап ғылыми жұмыстар жазып жүр. Қазір ол 9-сынып оқушысы. Математика пәні бойынша мектепте, аудан, облыста олимпиадаларға қатысып жүр. Қоспаны араластыру есебі бойынша ғылыми жұмыс жазуда. Тұзға су, құмға цемент араластыру кезіндегі есепке арнайы формула ойлап тапты. Екі әдісі бар. Өткен жылы еш нәтиже бермегенімен, биыл «Дарын» ғылыми жұмыстар байқауында екінші орын алды», - деді Шұбарқұдық гимназиясының мұғалімі Тимур Сарин.

Мектеп оқушысы алдымен компьютерлік диагностикаға арналған бағдарламаны сатып алды.
null 

«Әкесі көлік айдап, жөндеуіне көмектескенде қызығушылығы артып, диагностика қоюды үйренді. Бағдарламасын сатып алуға 40 мың теңгеден астам ақшасын жұмсады. Өткен жылы осы істі бастаған болатын. Көлік жөндеудің бәрін өзі меңгерді. Оқушы өте алғыр, математика пәніне жүйрік», - деді Тимур Сарин.

Оқушыны Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов қабылдап, естелік сыйлық табыс етті.

«Серік Берікұлы Шұбарқұдық гимназиясының оқушысы, жасы он төртте. Ата-анасы, бауырларының қолдауымен бірнеше жылдан бері көлік жөндеуге маманданған. Техникалық қызмет көрсету орталығын жалға алып, халыққа қызмет көрсетеді. Оның қызметіне жүгінушілер қатары көп, табысы да аз емес. Өскенде инженер болады және де ата кәсібіміз мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Тіл көзім тасқа, мені Серік қатты таңқалдырды», - деді аудан әкімі.
null 

Соңғы жаңалықтар