Ақтөбелік мұғалім баласы үшін түйе шаруашылығын қолға алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Мәртөк ауданы Саржансай ауылының тұрғыны Айсұлу Әбитова түйе шаруашылығын қолға алды. Ұстаз алдымен бизнес әліппесін үйреніп, кейін баласының емі үшін түйе сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында Шалқар, Байғанин аудандары түйе шаруашылығын дамытып отыр. Ал егінді аудандарда түйе бағатын адамдар аз. Айсұлу Әбитова да шөбі шүгін Мәртөк ауданы, Саржансай ауылында тұрады. Информатика пәнінің мұғалімі баласын емдеудің бір жолы шұбат ішу деп білді.

«Балам жиі ауырып, дәріге емес, халық еміне жүгінуді жөн көрдім. Дәрінің бір пайдасы болса, зияны да жеткілікті. Сондықтан иммунитетін көтеріп, төзімділігін арттыру үшін үлкендердің айтуымен шұбат ішкізгім келді. Алғашында өңіріміздегі Шалқар ауданынан арнайы алдырып, балама үзбей шұбат бердім. Кейін түйе бағып, қажетті шұбат дайындауға өзімнің де мүмкіндігім бар екенін түсіндім. Бұл кәсіп, сондықтан алдымен білім алдым. Аудан тұрғындарына арналған «Бастау» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік әліппесін үйреніп, қосымша табысқа қол жеткізуге болатынын түсіндім», - деді ауыл тұрғыны Айсұлу Әбитова.

Ол қазір бала күтімімен үйінде отыр. Ауылдан аудан орталығына барып, бизнес тренер Жұмагүл Мақашеваның көмегіне жүгінді. Бизнес жоба түйе шаруашылығын дамытуға жасалды.

«Бір айлық курсты аяқтап, «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 3 миллион теңге несие рәсімдедім. Қаржыға үш түйе сатып алдым. Қазіргі кезде өзіміз шұбат ішеміз, «Айсұлу» жеке кәсіпкері сауда маркасымен дүкенге сатуға қойдым. Ауыл тұрғындары күнде алады, тойға тапсырыс береді. Алдағы уақытта тағы 3 түйе сатып аламын», - деді ол.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылы Ақтөбе облысында 18 мыңнан асқан түйе бар. Оның 12 мыңнан астамы Шалқар ауданында, 3 мың бас түйе Байғанин ауданында өсіріледі. Ал Қарғалы ауданында түйе мүлдем жоқ.

null 

Соңғы жаңалықтар