Ақтөбелік қызының құлағындағы имплантатты жөндеу үшін екінші мамандықты игерді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбелік Мәрзия Мұхамбетьярова қызының құлағындағы кохлеарлы имплантатты өзі жөндейді. Ол еліміздің батыс өңіріндегі жалғыз қызмет көрсету орны үздік әлеуметтік жоба атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміз бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-мен бірлесе ұйымдастырылған байқауға барлығы 11 жоба ұсынылды. Мүгедектердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмысқа орналасуына ықпал ету, кедергілерді жоюға бағытталған әр жобаның өз ерекшелігі бар.

Мәселен, облыстық мүгедектер қоғамының Алға аудандық филиалы «Қамқорлық» әлеуметтік жобасын ұсынды. Яғни, аудан кәсіпкерлері азық-түлік, түрлі қызметке жеңілдік ұсынады. Бұл жоба қолдау тапты. Шаштараз, дәріхана, стоматологиялық кабинет пен тігін цехы сияқты қызмет көрсетушілер 5-20 пайыздық жеңілдіктер ұсынды. Тіпті, жеке кәсіпкер Ғалия Қалиева «Ем болсын» әлеуметтік жобасы арқылы қымызды арзан бағаға сатуға келісім берді. Саумал мен қымыз арбаға таңылып, денсаулығы сыр берген адамдардың емі үшін өте пайдалы әрі шипалы. Байқауға қатысқан «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі адамдардың арнайы құрылғыларын жөндеп, пайдалану уақытын ұзартуға үлес қосады.

«Тең мүмкіндіктер» жобасы да комиссия мүшелерінің қызығушылығын тудырды.  Ал ең үздігі «Қуаныш дыбыста» қоғамдық бірлестігінің «Барлығы өз қолында» әлеуметтік жобасы болды. Бұл жобаны Мәрзия Мұхамбетьярова ұсынды.

«Біз өзгеден көріп, қызығып жоба ұсынбадық. Өмірдің өзінен алған жобамыз құлағы естімей қалған балаларға ана дауысын есту бақытын сезінуге септігін тигізеді. Кохлеарлы имплантатты қызым Дана пайдаланды. 1 жастан асқанда қызым ауырып, құлағына арнайы аппарат салынды. Бар болғаны 5 жасында ота жасалып, бөбегім менің дауысымды естіді. Бұл қуанышты, бақытты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің ойымша, қазақстандықтар бұл аппаратты кең қолданысқа енгізіп, балалардың өз құрбы-құрдастарымен білім алуына бар мүмкіндік жасалуы тиіс»,- деді жоба авторы Мәрзия Мұхамбетьярова.

Оның айтуынша елімізде кохлеарлы имплантат туралы мәлімет аз. Сондықтан құлағы мүкіс, естімей қалған балалар өз ортасынан алшақ қалып, томаға тұйық әлемде өмір сүруге мәжбүр. Бұл кедергілер жойылса, мыңдаған бала анасымен еркін тілдесе алады.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырған байқау кезінде екінші орынды «Атамекен» студенттер отряды жеңіп алды. Бұл ұйым биыл 30 мүгедек баланы жұмысқа орналастырып, жазғы демалысын табысты өткізуге ықпал етті. Үшінші орынды «Жан шуық» жобасы иеленді. Жоба мүгедектерді жұмыспен қамтуға бағытталған тігін цехы ашылып, 50 адамды оқытуға, тігу өнеріне үйретуге мүмкіндік берді. Жеңімпаздар алдағы уақытта республикалық кезеңге қатысып, бақ сынайды. 

nullnull

Соңғы жаңалықтар