Ақтөбелік комиссия лифттердің техникалық жағдайын көріп шошыды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде қайғылы оқиғаға себеп болатын лифт көп. Арнайы тексеру комиссиясы лифттердің техникалық жағдайын көріп, шошынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында лифтте қайғылы оқиға тіркеліп, арнайы комиссия жұмыс істеген болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, барлығы 149 лифт уақытша тоқтатылды.

Бүгін тексеру қорытындысы туралы жан-жақты айтылған баспасөз мәслихатында Ақтөбедегі лифттердің адам шошырлық жағдайда тұрғаны мәлім болды.

«Комиссия мүшелері лифттердің техникалық жағдайын көріп, шошып кетті. Себебі, лифттердің сақтандыру элементтері болмады, есіктің ашылып, жабылуына жауапты автоматикасы істен шыққан. Бәріне пәтер иелері кооперативі жауапты еді. Лифттер бәсекелестік ортаға берілген соң техникалық жағдайын пәтер иелері кооперативі мен кондоминиум өз міндетіне алуы тиіс»,- деді Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Аманов.

Тексеру комиссиясы әр лифтінің жағдайын баяндап, құжат жинақтады. Қазіргі күні 1 лифтіні ауыстыру үшін 6,5 миллион теңге қажет. Ал Ақтөбе облысына бюджеттен 40 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл бар болғаны 6 лифтті жөндеуге жарайды.

«Ақтөбедегі лифттердің бәрін қалпына келтіру, алмастыру үшін 2 миллиард теңге қажет болады. Биыл облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлініп отыр. Барлығы 22 лифтті ауыстыруды қажет»,- деді Дастан Аманов.

Мемлекеттен бөлінген қаржы қайтарымды болады. Тұрғын үйдегі пәтер иелері 7 жылда 6,5-7 миллион теңгені қайтарып беруі тиіс. Қайтарымды қаржы есебінен тағы да істен шыққан лифттер ауыстыралады.

Айта кетейік, негізі Ақтөбеде 776 лифт бар. Тексеру кезінде 25 жылдан бері жұмыс істеп тұрған лифттер тізімге алынды. Барлығы 139 көпқабатты тұрғын үйдегі 282 лифт тексерілді. Көп заңсыздық анықталды. Мәселен, тексерілген лифтінің тек 18-де жүруге жарамдылығын растайтын техникалық құжаты бар. Ал 113 лифтінің техникалық төлқұжаты болмай шықты. Қазіргі кезде 56 лифтінің иесі жоқ, ешкім өз міндетіне алмаған. Барлығы 149 лифтіні жөндеу қажет болып тұр. Бір лифт жөндеуге де келмейді. Ал 22 лифт апатты жағдайда тоқтатылды.


Фото: zelaomos.news 

Соңғы жаңалықтар