Ақтөбелік кәсіпкерлер қымбат көліктерінің салығын төлемей жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкерлер көлік салығын төлемей жүр. Олардың арасында қаладағы ірі қонақ үйдің басшысы, арақ зауытының қожайыны бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі мемлекеттік кірістер департаменті 1 қыркүйек күні көлік салығын төлемеген адамдардың тізімін жариялайды. Ақтөбеде темір тұлпарына салық төлемегендердің саны 17 мыңнан асқан. Олар мемлекетке 321,3 миллион теңге қарыз. Борышкерлердің көбі қымбат көліктерінің салығын төлеуге асығар емес.

«Жол талғамайтын 108 көліктің иесі 60 миллион теңге салық төлеуі тиіс. Іс сотқа жолданып, қазір қарызды қайтару жұмысы сот орындаушыларына жүктелді. Барлығы 1 300-ден астам іс бойынша сот орындаушылары қарызды өндіріп жатыр», - деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Абат Бекмурзин.

Айта кетейік, көлік салығы елімізде міндетті болып табылады. Салықты қала тұрғындары кез келген банкке, төлем терминалдары немесе ұялы телефон арқылы да төлей алады.

«Салық төлемегендердің арасында арақ зауытының иесі Өмірбек Әлішев те бар. Оның қарызы 400 мың теңге, ал кәсіпкер Төреахмет Сәндібеков 1,3 миллион теңге берешек»,- деді Абат Бекмурзин. Тізімнің көшбасында тұрған бұл кәсіпкерлер облыстың, қаланың құрметті азаматтары атанған, ірі кәсіп иелері. Бәріне хабарлама беріліп, салық туралы ақпараттандырылды.

Соңғы жаңалықтар