Ақтөбелік кәсіпкер жалғыз баспанасын сатып, пластикалық құбыр шығарып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік кәсіпкер Жанат Дәуренбеков екі бөлмелі пәтерін сатып, пластикалық құбыр шығаратын құрал-жабдық сатып алды. Қазір еліміздің әр өңірінен шикізат сатып алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанат Дәуренбеков бұған дейін өзі сатып алған пластикалық құбыр цехында жұмыс істеген. Жұмысшы әрі атқарушы директор болған оған кәсіп иесі ұсыныс жасап, бәрін сататынын айтқан.

«Өзім пластикалық құбыр шығаратын цехта ұзақ жыл жұмыс істеп, бәрін меңгеріп алдым. Бұрынғы басшым осы цехты сатып алуды ұсынған кезде тәуекелге бел буып, пәтерімді саттым. Табыс жақсы, шикізатты еліміздің өзге өңірлерінен тасимын. Қазір барлық құрылыс компаниялары тапсырыс береді, жұмыс тұрақты», - деді кәсіпкер Ж.Дәуренбеков.

Өндіріс орнына «Еңбек» бағдарламасы аясында «Даму» қоры 8 миллион теңге берді. Бұл қаржыға кәсіпкер шикізат сатып алды. Атырау, Ақтау, Орал қалаларынан да пластикалық құбырға қажеттісі жеткізіледі.

«Қазір бес адам жұмыс істейді. Бәріне жұмыс істеуді өзім үйреттім. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында күлгін түсті құбырды шығару әдісін Ресейден үйреніп келдім. Бұл құбырлар кәріз жүйесіне қажет», - деді Ж.Дәуренбеков.

«Даму» қоры Ақтөбе облыстық филиалының директоры Берік Нұрғалиевтің айтуынша, биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 81 жобаға қолдау білдірілді. Қазіргі кезде оның 62-і мақұлданып, 750 миллион теңгеден астам несие берілді.

Сонымен қатар бүгін пресс-тур ұйымдастырылып, кір сабын шығаратын, мұнай жабдықтарын құрастыратын өндіріс орны таныстырылды. Мәселен, кір сабын шығаратын цехта бар болғаны үш адам еңбек етеді. Күн сайын 500-600 келі сабын базарға жеткізіліп жатыр.

«Шикізатқа қажетті өсімдік майын қаладағы мейрамхана, дәмханалардан сатып аламыз. Сонымен қатар пальма майы да бар. Ал малдың майы Алға ауданындағы ет кластерінен жеткізіледі. Сұраныс жоғары, қазір Ресейдің көршілес облыстары тасып жатыр», - деді цехтың атқарушы директоры Нұрбол Құлжабаев.

Сабын өндірісін қолға алған кәсіпкерлер 2018 жылдың наурыз айында «Даму» қоры арқылы 11 миллион теңге несие алды. Оған құрал-жабдық жеткізілді. Несие 6 пайыздық үстемақымен берілген. Бұл «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қолға алынған іс.

Айта кетейік, биыл «Даму» қорының облыстық өкілдігі 1,8 миллиард теңгенің 110 жобасын кепілдендірді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында құны 6,6 миллиард теңгенің 115 жобасында пайыздық үстемақыны субсидиялады.

Соңғы жаңалықтар