Ақтөбелік есепші мемлекеттік мекеменің 45 млн теңгесін жымқырған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мемлекеттік мекеменің есепшісі 45 миллион теңгені жеке қажеттілігіне жұмсап жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геология және миниралдық ресурстар ақпараттық-талдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның облыстық филиалының есепшісі сот алдында жауап берді.

№2 Ақтөбе қалалық сотында 31 жастағы М.Айгүлге қатысты Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша іс қаралды. Айыптау қорытындысына сүйенсек, М.Айгүл «Онлайн банкингке» иелік етіп, 2015 жылдың қаңтары мен 2018 жылдың шілде айлары аралығында мекеме есепшотындағы қаржыны өзінің банк картасына аударып отырған. Нәтижесінде «Геология және миниралдық ресурстар ақпараттық-талдау орталығы» мекемесінің облыстық филиалы 45 миллион теңгеден астам қаржысын жоғалтты.  Сот отырысы кезінде сотталушы М.Айгүл өз кінәсін мойындап, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтып берді. Есепшінің қылмыстық ісі бала күтіміне байланысты демалысқа кетіп, өзге есепшіге құжат тапсыру кезінде анықталды.

«М.Айгүл Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Және 10 жылға мемлекеттік және коммерциялық мекемелерде қаржыға жауапты қызмет атқару құқығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін»,- деді №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Т.Алданов.

Сонымен қатар, сотталушы ҚР Индустрия және жаңа технология министрлігіне қарасты «Геология және миниралдық ресурстар ақпараттық-талдау орталығы» мекемесіне 45 миллион теңге материалдық шығынды өтеуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар