Ақтөбелік еріктілер құрғап қалған өзен балықтарын құтқаруда

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының ортасымен ағатын Сазды өзені құрғап кетті. Еріктілер балықтарды жинап, Елек өзеніне қайта жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі кезде қаладағы өзендердің арнасы тартылып, Сазды су қоймасының басым бөлігі құрғап қалды. Ал қала ішіне кіретін бөлігі батпаққа айналды. Шабақтар кішкентай лай суға жинала бастады.

«Балықтардың қырылатынын көріп, бейжай қала алмадық. Сөйтіп еріктілер үш күн бойы балық аулап, Елек өзеніне қайта жіберді. Қара күшті қажет ететін жұмысқа алғашында 10 адам келді, кейін 5 адам ғана бірікті. Шабақтармен қатар балықтар да өзенді мекендеген. Он түрін анықтап, бәрін қайта жібердік. Су сору құралы да пайдаланылды. Алдағы уақытта жұмысты жалғастырғымыз келеді, біздің қатарымызға қосымда күш қажет», - деді «Дыши Актобе» еріктілер тобының ұйымдастырушысы Евгений Лазарчук.

Сонымен қатар, еріктілер жаз бойы бұлақ көзін ашып шықты. Олар әр жексенбі күні жиналып, Сазды өзенінің бойындағы бұлақтарды қалпына келтірді.

«Биыл 12 бұлақтың көзі ашылды. Бұл жұмыс әр демалыста жалғасады. Қара күшті қажет ететін жұмыс кейде шаршатып жібереді. Бірақ табиғат жанашырларының қатары әлі де толыға түсетініне сенеміз. Әрі «Дыши Актобе» еріктілер тобы Экология туралы кодексті талқылап, екі ұсыныс берді. Біріншісі, жер жеке меншікке берілгенімен ондағы жасыл желек, су арнасы сақталуы, қорғалуы тиіс. Екіншіден, электр желісіне кедергі келтіреді деп қалада ағаштарды оңды-солды кесу белең алған. Қазір ағаштардың бәрі әрсіз, қисық өсіп жатыр. Олар ағаш кесу заңдылықтарын сақтауы тиіс», - деді Евгений Лазарчук.


Айта кетсек, Ақтөбе қаласындағы 8 өзеннің арнасын тазарту жұмысы біраз талас тудырды. Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Экология, геология және табиғатты қорғау министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбеге келіп, жұмысты уақытша тоқтатты.


Соңғы жаңалықтар