Ақтөбелік экологтар өзен арнасын кеңейтіп жатқан мердігерлерге айыппұл салды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы 8 өзеннің арнасын кеңейтіп жатқан мердігер мекемелерге экологтар айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзен арнасын тазарту жұмыстарын зерделеу үшін экологтар облыстық прокуратурамен бірге тексеру жүргізді. Нәтижесінде облыстық прокуратура ұсыным беріп, мердігер компаниялардың экологиялық рұқсат қағаздарын алмағаны расталды. Қазіргі кезде облыстық экология департаменті барлығы төрт мердігер компанияның әрқайсысына 50 АЕК көлемінде айыппұл салды. Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірген залалы үшін нұсқама беріледі. Яғни, арнасын кеңейту жұмыстары кезінде шаң-тозаң көтеріліп, ауаны ластаған компаниялар шамамен 30 миллион теңге айыппұл төлейді», - деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов. Мамандар бұған дейін шағым түспеген соң ешқандай тексеру жұмыстарын жүргізе алмағанын айтып, уәж келтірді.

Еске салсақ, Президент Қасым - Жомарт Тоқаев Ақтөбедегі өзен арнасын тазарту жұмыстарына байланысты тексеру жүргізу үшін Экология, геология және табиғатты қорғау министрі Мағзұм Мырзағалиевті өңірге жіберді. Министр сапары кезінде жұмыстың уақытша тоқтатылатынын айтты. Әрі министрліктен құрылған топ қазір тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, қаладағы сегіз өзенді төрт мердігер компания кеңейтіп жатыр. Олар: «Павлодарский речной порт» АҚ, «Гидроқұрылыс», «Берекелді» және «Компания Спецстрой» ЖШС.

Соңғы жаңалықтар