Ақтөбелік дәрігерлер туберкулезге шалдыққан оқушыға қатысты түсінік берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы орта мектепте 4-сынып оқушысы туберкулезге шалдыққан. Дәрігерлердің айтуынша, құрт ауруының бұл түрі қоршаған ортаға зиянын тигізбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі орта мектеп оқушысынан туберкулез анықталды. Талап бойынша мектепте ешқандай да карантин жарияланбайды. Дегенмен, қазір мектеп әкімшілігі ата-аналардың мектепке кіруіне тыйым салып, бетпердемен жүру туралы талап қойған.

«Қазір Ақтөбеде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Осы жылдың 10 айын қорытындыласақ, құрт ауруына шалдығу 11,2 пайызға төмендеді. Оның ішінде балалар арасында 28 пайызға азайды. Ал №10 орта мектептегі жағдайға келер болсақ, 5 қазан күні қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарлама түсті. Хабарлама бойынша жедел түрде тексеру болып, мектепке дезинфекция жүргізілді. Ауру белгілері анықталған балалар қосымша тексеруге жіберілді. Баланың үйіндегі 5 адам тексеруден өтіп, денсаулықтарынан еш кінәрат табылмады. Жеткіншектің жаз мезгілінде Атырау облысы, Құлсары қаласында демалғаны анықталды. Біз Құлсарыдағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жедел хабарлама түсірдік»,- деді Ақтөбеде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Қазір оқушы ем қабылдап жатыр. Туберкулездің бұл түрі қоршаған ортаға қауіпті емес.

«Бала ем алып жатыр, жағдайы жақсы. Туберкулездің жеңіл түрі деп айтуға болады. Диазнозы - өкпе қуысындағы бездің туберкулезі. Балаларға, адамдарға зияны жоқ. Ал мектеп оқушыларына жаппай манту сынамасын салу - жоспарлы жұмыс. Қазір әр емханада фтизиатр дәрігер бар. Егер баланың манту сынамасы ісіп кетсе, әрі қарай тексеру жүреді»,- деді Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімов.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша биыл 9 баладан туберкулез дерті анықталды. Барлығы 700-ге жуық бала арнайы сауықтыру орындарында ем қабылдап жатыр. Ерлан Тәтімовтың айтуынша, биыл барлығы 18 адам құрт ауруынан көз жұмған. Облыс бойынша туберкулезге қарсы ем жүргізу үшін 5 ауданда санаторий жұмыс істеп тұр.

Еске салайық, Ақтөбеде мектеп оқушысынан туберкулез анықталып, оқушылар мен мұғалімдер жаппай тексеруден өткен болатын.  

 

Соңғы жаңалықтар