Ақтөбелік дәрігерлер көлік қағып, ауруханаға түскен оқушының жағдайын мәлім етті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде көлік қағып кеткен 5-сынып оқушысының аяғына ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе қаласының Берсиев көшесімен келе жатқан «Хендай Матрикс» көлігінің жүргізушісі мектеп оқушысын қағып кетті. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқушы балалар ауруханасына жеткізілген.

«Аяқ сүйегіне пластина салынды. Қазір баланың жағдайы орташа ауыр, ота сәтті шықты. Отаны медицина ғылымдарының доценті Ж.Баубеков жасады. Күнделікті жарасын таңып береді, дәрігер бақылауына алынды», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Облыстық полиция департаменті ұсынған статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Ақтөбе облысында 500-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апаты кезінде 64 адам көз жұмып, 700-ден астамы түрлі дене жарақатын алды.

Алдын алу шаралары кезінде көлікті мас күйінде айдаған 1700-ден астам жүргізуші ұсталса, 11 мыңнан астам жаяу жүргінші әлкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жаяу адамдарға жүргіншілер жолағында жол бермеген 2587 көлік жүргізушісі де жазаланды.

Соңғы жаңалықтар